Олимпиада чемпионы А.Винокуров велосипедін сатқаннан түскен қаржыны ауру балалардың еміне жұмсайды

None
None
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың велосипедін сатудан түскен қаражат науқас әрі шетелде қымбат операцияның жасалуын қажет ететін балалардың емделуіне жұмсалады.

«Болашақ» қауымдастығы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, түскен қаражат тікелей балалар емделетін клиникалардың шоттарына аударылатын болады.

«Бұл велосипедтің арқасында мен Олимпиада чемпионы атандым. Енді оның көмегімен денсаулығы нашар еліміздің жас азаматтарына қолдау көрсете аламын. Балалар спортта болмаса да, өз өмірінде чемпион болатынына кәміл сенемін. Өмірде өжет болу қажет. Жеңіске жетудің жолы осы!», - деді Александр Винокуров.

Келіп түскен қаражаттың арқасында 4 жасар Айша Бексұлтан (Алматы), 3 жасар Аяулым Құрбанова (Астана), 13 жасар Евгения Распопова (Солтүстік Қазақстан облысы), 14 жасар Нұрбол Ережепов (Шымкент), 14 жасар Индира Аманжолова (Көкшетау), 15 жасар Евгения Бойкова (Қостанай облысы), 2 жасар Милена Мезенцева (Алматы облысы) шетелде емделетін болады. Ота құны - 6,5 мың АҚШ долларынан 55 мың АҚШ долларына дейін. Оталардың орташа құны  28 мың АҚШ доллары.

Акцияны ҚР велоспорт федерациясы мен «Қайырымдылық» қоғамының қолдауымен «Болашақ» корпоративтік қоры өткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың 39 жасқа толуына арналған аукционда спортшының велосипеді 243 мың долларға сатылды. Осы «Specialized» велосипедімен 2012 жылдың 28 шілдесі күні «Астана» командасының көшбасшысы Лондон қаласында өткен топтық жарыста жеңіске жеткен болатын. Винокуровтың Лондонда киген спорттық формасы 10 мың долларға сатылса, «Астана» командасының формасы 2 500 АҚШ долларына бағаланды.

Соңғы жаңалықтар