Олимпиада-2018: Төрт боксшымыз жартылай финалда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында тағы екі боксшымыз жартылай финалға шықты. Осылайша,  «қола» үшін таласу мүмкіндігіне әзірге төрт боксшымыз ие болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін түнде өткен іріктеу жекпе-жектерінің нәтижесі бойынша, жартылай финалға жолдаманы 91 келі санатында өнер көрсететін Айбек Оралбай мен 64 келі салмақтағы Талғат Шәйкен алды.

Айбек Оралбай ширек финалда чилилік Андрес Сальгадоны жеңді. Енді ол жартылай финалда пуэрторикалық Элвин Каналеспен жұдырықтасады.
null 

Ал Талғат Шәйкен жартылай финалға шаршы алаңға шықпай-ақ өтті. Себебі оның ширек финалдағы косоволық қарсыласы айқасудан бас тартқан.

Аталған қос боксшымызбен бірге Олимпиаданың ширек финалында айқастарын тағы екі спортшы өткізді. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі Дамир Тойбай самоалық қарсыласы Толауа Туигомаланың жарақатына байланысты жартылай финалға жолдаманы рингке шықпастан алды.  Ал қыздар арасындағы айқаста отандасымыз Жансая Әбдірайымова (48-51 келі) америкалық Дэстини Хивен Гарсияға төрешілер шешімімен 2:3 есебімен жол беріп қойды.

Бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Надежда Рябец ширек финалда польшалық Наталия Гажевскаяны 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өткен болатын.  

Буэнос-Айрес астанасы Аргентинада ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтеді. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысуда.  Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылып отыр.

Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғауда.  

Соңғы жаңалықтар