Олимпиада-2018: боксшы Айбек Оралбай алтын медаль алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық боксшы Айбек Оралбай чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Оралбай 91 кг салмақта алжирлік Мохаммед Амин Хаседпен күш сынасты.

Айбек үш раунд бойы қарсыласын тықсырып, үздік өнер көрсетті. Бес төрешінің барлығы 30:27 есебімен жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бокстан да алтын жүлдені қоржынға салды.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін 18 жастағы А.Оралбай биыл Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған еді.

Айбектен кейін іле-шала рингке боксшы қызымыз Надежда Рябец шықты. Ол қыздар үшін ауыр салмақ болып есептелетін 75 келіде тағы бір алжирлік Ичрак Чаибпен қола жүлде үшін таласты.

Надежда Рябец те ел үмітін ақтап, алжирліктен бір бәс жоғары тұрды. Бес төреші түгелдей жеңісті біздің спортшының  есебіне жазды.

18 жастағы Н.Рябец 2014 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса, биыл Қостанайда Азия біріншілігінде үздік шыққан еді. Енді, міне, Жасөспірімдер олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізіп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын финалда ресейлік Алексей Дроновқа есе жіберген қазақстандық боксшы Дамир Тойбай (+91 кг) күміс жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.

Бокстан Қазақстан құрамасы тағы бір алтын жүлдеден үмітті. Талғат Шайкен бүгін сағат 23.15 шамасында 64 кг салмақта ресейлік Илья Поповпен финалдық кездесуге шығады.

Кеше Олимпиада алтынын, сонымен қатар велоспорттан Қазақстан ерлер командасы да ұтып алған еді. 

Буэнос-Айрес астанасы Аргентинада ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтеді. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысуда.  Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылып отыр. 

Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғауда.    

Соңғы жаңалықтар