«Олимп» зертханасы барлық тұрғындарға тегін экспресс-тестілеу жүргізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуір айынан бастап, «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы коронавируске экспресс тестілеу жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел тестілеу – бұл бірнеше реагенттер жағылған ішкі тест жолағы бар бір реттік пластикалық құрылғы. Осы тесттің көмегімен саусақтан алынған капиллярлық қандағы SARS-CoV-2 (COVID-19) коронавирусына IgG/IgM класстарының антиденелері анықталады.

Алғашында IgM антиденелері инфекциядан 7-10 күн өткен соң шыға бастайды. Олар аурудың дендеу кезеңін көрсетеді. Әрі қарай, инфекциядан 3-4 аптадан кейін IgG класының антиденелері түзіле бастайды, инфекцияға қалыптасқан иммундық реакцияны көрсетеді. Тестілеу күрделі жабдықтарды қажет етпейді. Талдау науқастың қатысуымен жүргізіледі. Нәтижені 15 минут ішінде алуға болады.

Атап өткен жөн, жедел тесттің көмегімен коронавирустық инфекция диагнозы қойылмайды, өйткені тест ағзадағы вирусты анықтамайды, тек оған иммундық жүйенің реакциясын бағалайды.

Бұл тестті кімдер тапсыруы қажет? Ең алдымен, бұл тексеруден коронавирустық инфекция күдігімен науқастарды қабылдаған жедел жәрдем, емхана, ауруханалардың қызметкерлері өтеді. Сондай-ақ, қатерлі топтағы пациенттерге: жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдарға және қарт адамдарға тестілеу жүргізіледі.

Тестілеуді ұйымдастыру үшін арнайы сауалнамасы бар сайт жасалады, онда пациенттер өз мәліметтерін енгізеді. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары бірінші кезекте сынақтан өтуі қажет пациенттерді таңдайды.

Сонымен бірге, бұл тестілеу 2019 жылдың қарашасынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жедел респираторлық аурудың (тұмау), пневмонияның белгілері байқалған адамдарға да қажет.

Тест респираторлы инфекцияның белгілері (дене қызуы, жөтел, ентігу, тамақтың ауыруы және т.б.) дендеген адамдарға қолданылмайды, өйткені IgM антиденелері инфекцияны жұқтырған сәттен 7-10 күн өткен соң, ал IgG – 3-4 аптадан кейін шығарыла бастайды және нәтиженің теріс болып көрінуі мүмкін.

Экспресс-тестілеу нәтижесі оң болып шыққанда, 2 нұсқа қарастырылады.

Егер IgM класының оң антиденелері анықталса (немесе антиденелердің екі класы да IgM және IgG оң болса), инфекцияның шамамен 7-10 күн бұрын пайда болғанын білдіреді. Науқас бетперде киіп, үйге қайтып, оқшаулануы керек және ауруханаға жатқызу мәселесін шешу үшін жедел жәрдем шақыруы тиіс.

Егер IgG класының оң антиденелері анықталса, бұл пациенттің иммундық реакциясының дамуымен осы инфекцияны бастан өткергенін білдіреді. Қазіргі уақытта тұрақты иммунитеттің қалыптасуы және вирустың қанша уақыт бойы тасымалданатыны туралы нақты мәлімет жоқ. Сондықтан мұндай нәтижені алған жағдайда эпидемияға қарсы шараларды жалғастырып, Полимеразды тізбектік реакция әдісімен анализ тапсырған жөн.

Тест нәтижесі теріс болғанда не істеу керек? Екі жағдайда тест нәтижесі теріс болуы мүмкін: 1. Инфекция жоқ; 2. Инфекция жақында пайда болды және антиденелер әлі пайда болған жоқ. Мұндай вирус тасымалдаушысы басқаларға қауіпті болуы мүмкін, сондықтан пациент карантинде болса, оқшауланған күйінде қалып, барлық алдын-алу шараларын ұстануы керек. Карантин аяқталған соң, инфекцияны мүлдем болдырмау үшін қайта тексеруден өту керек.

Назар аударыңыз, экспресс тестілеудің нақтылығы 90%-дан аспайды, сондықтан 10% жағдайда барлық нұсқаны ескерген жөн. Диагнозды растаудың негізгі әдісі –Полимеразды тізбектік реакция әдісімен анализ тапсыру.


Соңғы жаңалықтар