Олимп шыңын бағындырған алғашқы қазақ 78 жасында өмірден озды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасында КСРО құрамасының сапында жүріп баскетболдан чемпион атанған әйгілі қазақ Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баскетболдан қос Олимпиадада олжа салған даңқты спортшының жетістігін қайталау кейінгі ізбасарларына әлі күнге бұйырмай келеді. Мюнхенде (1972 жыл) «алтын», Монреальде (1976 жыл) «қола» алған Әлжан Жармұхамедовті бауырлас өзбек халқы да өз ұландары деп есептейді. Оның себебі – совет саясаты. Әйгілі баскетболшы 1944 жылы оңтүстіктегі Бостандық ауданы Табақсай ауылында дүниеге келеді. 1956 жылы Никита Хрущевтің пәрменімен ол аудан Өзбекстан аумағына беріледі. Соны алға тартқан бауырлас елдің жазарман қауымы Әлжан Жармұхамедовті «өзбек» деп насихаттап жатады. Бірақ, бұл дауға даңқты спортшы көзінің тірісінде нүкте қойып кеткен деседі.

«Мені қазақ емес деп кім айтады? Әлде, 1972 жылдан бұрын Олимпиада чемпионы болған қазақ бар ма? Әкем Мүсірбектің тегі тарихқа енді, оны өзгерту әсте мүмкін емес. Менің әкем – қазақ, шешем – орыс», - деген сөз қалған баскетболшының артында.

Шынымен де Олимпиада чемпионының әкесі – Жармұхамедов Мүсірбек, шешесі – Прасковья Жеронкина-Жармұхамедова.

Әйелі Лариса Жармұхамедова екеуі Владислав (1969 ж. туған) және Сергей (1976 ж. туған) атты ұлдарымен өмірінің соңына дейін Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде тұрды.

Спортшының тегі туралы таласқа араласып, қалам тербеген зерттеушілер мен журналистер оның қазақ екендігі совет заманындағы паспортында да жазулы тұрғанын алға тартады.

Сұңғақ бойлы, сырғауыл тұлғалы, сыптығыр жігіт болып өскен Әлжан Жармұхамедов мектеп бітірген соң, екі жыл Шыршық қаласында өндірісте жұмыс істеген. Оң қолының екі саусағынан осы кезде айрылған. Зауыттың дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушысы 208 см бойы бар қазақтың спортқа деген икемін баскетбол алаңында сынап көреді.

Жаттықтырушысы Роман Салетдиновке аяқ алысы ұнаса керек, 1963 жылы Ташкенттегі дене шынықтыру институтына түсуге кеңес береді.

1967 жылы сол жерден дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанып шығады.

Әлжан Жармұхамедовтің кәсіби спорттағы мансабы КСРО бірінші лигасындағы СКА спорт клубында және Өзбекстан құрама командасында өрбиді.

Әлжан есімінің айналасындағы аңыздың бірі баскетбол бапкері Александр Гомельскидің кекшілдігіне келіп саяды.

Күн сайын бабына бап қосып, шеберлігі шыңдалып келе жатқан қазақ жігітін әйгілі бапкер ЦСКА спорт клубының сапынан көргісі келеді. Қайта-қайта шақырғанымен, Ә. Жармұхамедов бас тартқан көрінеді. Соған кек сақтаған Александр Гомельский 1968 жылғы Мехико Олимпиадасына қазақ баскетболшысын шақыртпай қойған деседі.

1969 жылы Алматының «Локомотив» командасына шақырту алған Әлжанды Ригада болатын кәсіподақтың Спартакиадасына Қазақстан атынан қатыстырмақ болады. Бірақ, оған Өзбекстан жағы рұқсат бермеген. Сол 1969 жылдың 26 қарашасында КСРО қорғаныс министрінің қолы қойылған құжаттың пәрменімен Әлжан Жармұхамедов Мәскеудің ЦСКА командасына әкелінеді.

Кейін осы командада 11 жыл шабуылшы болып ойнап, 9 дүркін КСРО чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы, 1972 жылғы Олимпиада чемпионы атанған.

Ол спортшылық мансабын аяқтағаннан кейін бұрынғы Германия Демократиялық Республикасында 5 жыл бойы совет армиясы құрамында жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

1987 жылы Алматыға келгенімен, СКА клубында баскетболдан қызмет табылмай, әуелі Ташкентке, содан Мәскеуге қайта оралады.

С. Беловпен бірге Ресей құрама командасын жаттықтырып, шәкірттерін 1994 жылы Канадада әлем біріншілігінде күміс медаль, 1997 жылы Еуропа біріншілігінде қола медаль иегері атандырады.

Әлжан Жармұхамедовтің спорттағы негізгі жетістіктері:

Әлем чемпионатының күміс (1978) және қола (1970) жүлдегері;

Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы (1970);

Еуропаның 3 дүркін чемпионы (1967, 1971, 1979);

Еуропа Суперкубогінің иесі (1971);

Кеңес Одағының 9 мәрте чемпионы (1970-1980).

Соңғы жаңалықтар