Олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс - Ерлан Саиров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер депутаттан «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы Александр Клебанов жылу электр орталығын мемлекетке қазіргі жағдайында бере салуы мүмкіндігі туралы сұрады.

«Қазақстанның әр азаматы осындай мүлік үшін жауапты боулы керек. Егер Клебанов осы нысандарды мемлекетке қайтаратын болса, халыққа және мемлекетке келтірілген залалды өтеуі керек. Екі күн бұрын әкімдікте жиналыс болды, оған Клебанов та келді. Сол кезде осы жайында оған айттық. Оның айтуынша, аталған нысанды бір теңгеге мемлекетке сатпақ. Біз өз кезегімізде олай болмайтынын, яғни бірінші кезекте кәсіпорынды иелікке алған кезде оның жағдайы мен қазіргі ахуалын салыстырып, соның айырмашылығын анықтап алуды талап еттік. Осы орайда кәсіпкер бұл айырмашылықты төлеуі тиіс, сондай-ақ Екібастұздың тұрғындарына келген шығынды өтеп беруі керек», - деді Е. Саиров.

Оның айтуынша, еліміздегі олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс. Себебі бұл желілердің көбі жеке меншікте.

«Сондықтан олигарх топтар тұрғындардың тағдырына жауапкершілікпен қарауы керек», - деді депутат.

27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар