Олег Крук: ПИК-тердің әрекеті Екібастұздағы стансалардың жағдайын қиындатқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұздағы кейбір пәтер иелері кооперативтері жөндеу бригадаларын күтпестен, ақауды өз күшімен жоймақ болған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук осындай дерек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір орталықтандырылған жылу жүйесінен 17 үй ажыратулы қалып отыр. Желі арқылы су жібергеннен кейін магистральдің жұмысы қалыпқа келуі керек болған. Бірақ біз стансаларда жағдай қиындағанын көріп отырмыз. Стансалардағы судың мөлшері шекті деңгейге шығып кетті. Осылайша тұтынушыларға судың берілуін 950-1000 тоннаға дейін шектеуге тура келді», - деді ол.

Соның себебін тексеру үшін арнайы жасақтар үй-үйді аралай бастаған.

«Қазір біз үй-үйді аралап тексеріп жүрміз. Қазірдің өзінде пәтер иелерінің кооперативтері жөндеу бригадаларын күтпестен, ақауды өз күшімен жоюға тырысқаны түсінікті болып отыр. Бірақ, ең бастысы, оның өте оңай жолын таңдап алған. Яғни, іштегі судың бәрін ағызып жіберу арқылы ақауды жоюға тырысты. Сол арқылы жағдайды ушықтыруда. Сондықтан біз үй-үйді аралап, пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс істеп жатырмыз және жағдайды тұрақтандыруға күш саламыз», - деді Олег Крук.


Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар