Олег Болтин еркін күрестен Азия чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық Олег Болтин 125 кг салмақта финалда қырғызстандық Айял Лазаревпен белдесті.

Өте тартысты өрбіген белдесу барысында қырғызстандық балуан 3:2 есебімен алда тұрды. Соңғы секундтарда екі балға бағаланған әдіс жасап үлгерген О.Болтин еркін күрестен Қазақстан құрамасы үшін үшінші алтынға қол жеткізді.

Осы аса ауыр салмақта бұдан бір жыл бұрын Юсуп Батырмұрзаев Азия чемпионы атанған еді. Биыл оған қоса Юсуп Батырмұрзаев Алматыда өткен лицензиялық турнирде олимпиада жолдамасын иеленген болатын. Енді О.Болтин Азия біріншілігінде үздік шығып отыр.

Тағы бір қазақстандық Эльхан Асадов 92 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде оңтүстіккореялық балуанға есе жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрқожа Қайпановтың еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар