Ол мені ұрғанды ұнатады: Астанада ерекше той көйлегінің таныстырылымы өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана дүкендерінің бірінде той көйлегінің пішінімен кескінделген ерекше арт-нысанның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы тағы бір ерекше бастамамен жұрт назарын өздеріне аударып отыр.

Бұл жолы олар отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбын қозғап, ерекше арт-нысанның таныстырылымын өткізді.

Бұл шараны олар 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырған.

«Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық біздің заманның ең маңызды әлеуметтік мәселесінің бірі деп есептейміз. Зорлық-зомбылық көрсетушілер ұшқары әрекеті арқылы жәбірленушілердің құқығын бұзып қана қоймай, өміріне тұтастай қауіп төндіреді. Қоғам бұл мәселе туралы көбірек айтып, кінәлілерді жазалауды талап ете білуі керек. Әйелдердің құқығын құрметтеп, қорғамай жаңа және әділ Қазақстан құра алмаймыз», - дейді қозғалыс белсендісі Ғазиза Ұлықманова.



Арт-нысандағы «ОЛ МЕНІ ұрғанды ҰНАТАДЫ» деген жазу алыстан көзге шалынады.

Ақ түсті той көйлегінің өн бойында қара жазумен елдегі ең шулы зорлық-зомбылық фактілері туралы баспасөз мәліметтері көрініс тапқан.

Осы арқылы идея авторлары зорлық-зомбылық мәліметтері туралы газет қиындыларынан тігілген көйлекті кескіндеуге тырысқан.

Ерекше көйлектің жанында арнайы тақта орнатылған.

Ол тақтада психолог-сарапшылардың тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларын ерте бастан анықтау, ондай әрекеттерге қарсы тұру және алдын алу бағытындағы практикалық ақыл-кеңесі жазылмақ.


Соңғы жаңалықтар