Ол күні демалыста болған: Компания басшысы Екібастұзда көз жұмған қызметкер туралы

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал 4 желтоқсанда қайтыс болған ЖЭО учаске бастығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері Бағдат Оралға «4 желтоқсанда денесі табылған «Екібастұзжылуэнерго» қызметкері сол күні жұмыста болды ма?» деген сұрақ қойды.

«Қайтыс болған қызметкер ол күні жұмыс орнында болған жоқ. Ол демалыста болған», - деп жауап берді «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал.

Еске сала кетейік, бұған дейін Екібастұздағы ЖЭО учаске бастығының денесі гараждан табылғанын хабарлаған едік.

Алдын ала болжам бойынша, ер адам әйелімен болған жанжалдан соң гаражға кетіп, сонда көлігін оталдырған. Кейін ол ұйықтап қалып, газдан уланып қалған болуы мүмкін.

Бұл оқиғаға түсінік берген Павлодар облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлім етті.

Құзырлы орган дерегінше, қайғылы жағдай марқұмның қызметіне байланысты емес.

Соңғы жаңалықтар