Ольгинкадағы карантин: Залалданған еттің 80 пайызы жойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысына қарасты Ольгинка ауылында қараталақ індетіне шалдыққан сиыр малы етінің 80 пайызы алынып, жойылды. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті Аса қауіпті инспекциялар мен биоқауіпсіздікті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық ветеринар қызметінен жалтарады. Сиыр ауырып тұрған кезде олар тез арада сойып, етін сатып жіберуге тырысады. Біз еттің 80 пайызын ала алдық, - деді Зәуреш Жұмаділова.

Оның айтуынша, заладанған етті сатып алған адамдардың өзге де адамдармен байланысы болуына орай қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай жұмыстар Ольгинка, Николаевка және Аршалы елді мекендерінде қолға алынады.

«Адамдарда өзгеріс болған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Қазіргі уақытта байланысы болған адамдардың арасында аурудың жаңа деректері анықталған жоқ. Залалданған еттің шамамен 20 пайызы желінген. Жалпы 144 келі ет алып, жойдық, шамамен 10 келі етті асып жеген», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Ольгника ауылының 5 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Қазір сынамаларға зерттеу жүргізіліп жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. Елді мекендегі карантин 15 күннен кейін алынады.

Соңғы жаңалықтар