Ольга Рыпакованы өскемендіктер қошеметпен қарсы алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова соңғы 10 күнде екі бірдей жарыста ел мерейін асырып, туған жері Өскемен қаласына оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы мәлім еткендей, ол 30 тамызда Жакартада өткен жазғы Азия ойындарында топ жарды. Одан кейін Чехияның Острава қаласында Құрлықаралық кубоктың күміс жүлдесін еншіледі.

Спортшы кеше өзінің туған қаласы Өскеменге оралды. Оны әуежайда өңір басшылары мен қарапайым жанкүйерлер күтіп алды.

Спортшыны ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов құттықтап, оған гүл шоқтарын табыс етті.

 - Азия ойындарында осымен төртінші мәрте бақ сынадым. Жеңіп алған жүлдемнің ел қоржынының толығуына себепкер болғанына қуаныштымын. Алға қойған мақсатым да осы еді, ендеше мақсатыма жете алдым. Конституция күнінде жарыс жолына шығып, мейрамға орай жақсы сыйлық тарту еттім деп ойлаймын. Аймақ басшысы Даниал Ахметовке жеңіл атлетиканың дамуына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс білдіремін, - деді Ольга Рыпакова.

Алдағы күндері үш қарғып секіру шебері жақындарының жанында болып, сәл тынығып алмақ.

Естеріңізге сала кетейік, «Altay athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының капитаны Ольга Рыпакова Азия ойындарында алтын медаль олжалап, Құрлықтық бәсекеде күміс жүлде иеленген болатын. Бір қызығы, шығысқазақстандық спортшы екі сайыста да 14,26 метрге секірген.

Соңғы жаңалықтар