Ольга Булавкина: Парламент қабылдаған заңдар реформалардың іске асуына ықпал етті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел барысында Парламент қабылдаған заңдар елдегі маңызды реформалардың іске асуына ықпал еткендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Бұл мерейлі дата – осыған дейін атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылап, артымызға бір қарайтын мүмкіндік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүдделерді қорғауға, жастарды патриоттыққа баулуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса назар аударуда. Біз өскелең ұрпаққа экономикасы өркендеген, жұрттың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін негізгі салалары дамыған мықты елді мұра қылып қалдыруымыз керек. Ал Қазақстанның болашағы әрбір азаматтың қолында екендігін ұмытпайық», - деді ол.

Ольга Булавкинаның айтуынша, Парламенттің заң шығару қызметі егеменді елдің әлеуметтік-саяси реформаларын жүзеге асыруға мол ықпал етті.

«Парламент экономиканы жақсарту және азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін осы уақытқа дейін талай маңызды заңды қабылдады. Алдағы уақытта да біз тұрғындар құқықтарының қорғалуы, барлығына теңдей жағдай жасалуы мақсатында тиісті жұмыс атқаратын боламыз. Азаттықтың 30 жылында бағындырған белестерді келешекте еселей түсу үшін барша қазақстандық жұмыла әрекет етеді деген сенімдемін», - деді Сенат депутаты.


Соңғы жаңалықтар