Оқжетпестегі киіз үй терапиясының шипагерлік құпиясы неде

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адамды табиғатпен емдеу – «Оқжетпес» емдеу сауықтыру кешенінің негізгі бағыты. Кейінгі жылдары мұндағы емдеу шаралары да, сауықтыру бағдарламасы да қазақи нақышпен қанықтырылып жатқаны туралы жиі айтылып жүр. ҚазАқпарат тілшісі сол өзгерістерді өз көзімен көріп қайтты.

Бұл өзі тарихы 1964 жылдан басталатын елдегі ең байырғы санаторилердің бірі. Совет заманының қарабайыр сәулет стилімен салынған, бөлмелері ыңғайсыз үш қабатты ғимарат қазір адам танымастай өзгерген. Айналасына жаңа емдеу ғимараттары жайғасып, бір кездегі сұсты шипажай қазір тән мен жанға қатар жайлылық сыйлайтын аялы қонысқа айналған. Бұл кешен – Қазақстанды қойып, Орталық Азиядағы European Quality Award сертификатын алған алғашқы санаторий. Былтырдың өзінде мұнда 10 мыңнан астам демалушы келген көрінеді. Шипажай өкілдері келушілердің 99%-ы жағымды әсермен, алғыс жаудырып қайтатынын айтады.

Санаторий аумағына аттаған сәттен бастап аурасы ерекше әлемге тап болғаныңызды сезесіз. Тыныштыққа ұйыған ортаны ауық-ауық құстардың сайрағаны ғана бұзады. Кешеннің аумағында дене шынықтыру құрылғылары, балалардың ойын алаңы орналасқан. Тау ауасымен тыныстай жүріп жасаған жаттығу ағзаға күш пен сергектік сыйлау үшін бәрі арнайы осылай ойластырылған.

«Санаторий тәнмен бірге жанды сауықтыратын тұмса табиғаттың бір бұрышынан орын тепкен. Бурабайдың шыршалы орманына сұғынып жатқан кешен ежелден өкпенің дерттерінен дауа іздегендерді емдеуге маманданған. Мұнда адамдар көбінесе туберкулезді емдеуге жолданатын. Емдеу хаттамасынан тыс шыршаның хош иісіне шыланған саф ауа, шырша қайнатпасы мен қымыз – бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналып отыр», - дейді «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің президенті Яков Стерлигов.

Таным арқылы тамырға оралу

«Оқжетпес» кешенінің бірінші қабатында емдеу ғимараттары, концерт пен фильм көруге арналған конференция залы, мейрамхана, бильярд үстелдері орын тепкен. Мұндағы шағын сурет галереясы келушінің назарын аудармай қоймайды. Бұл жолы қабырғаға қазақ суретшісі Алпысбай Қазғұловтың суреттері ілініпті. Халықаралық стандартқа сай кешеннің жан жадыратар аурасы қайдан тамыр алып жатқанын осы суреттерге қарап түсінуге болады.

Бұл қазақи интерьер – Kazakh Nomad Resort тұжырымдамасының бір бөлшегі. Қазақи стильде безендірілген бөлмелер, қымыз, бауырсақ, жент пен жаңа ұйытылған айран Kazakh Nomad Resort тәсілінің шипасына тән мен жанды қатар иландырады.

«Біз қазақ мәдениетінің ең бай элементтерін, дәстүрлерін қызметімізге, тамақ мәзіріне, бөлмелерді нақыштауға пайдаландық. Көл жағасындағы 100 метр сайын орнатылған тақтайшалар арқылы сейіл құра жүріп емдік серуенге қалай бойлап кеткеніңізді аңдамай қалуыңыз мүмкін. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясы да осы тақтайшаларда бейнеленген. Әр тақтайша қазақ тарихының бір кезеңін суреттейді. Мұның бәрі тән мен жанды қатар емдеу үшін ойластырылған», - дейді «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің президенті Яков Стерлигов.

Kazakh Nomad Resort тұжырымдамасының маңызды жаңалығы – киіз үй терапиясы. Санаторий аумағында психологиялық арылуға арналған киіз үй-бөлме жайғасқан. Келушілер киіз үйдің шипалы ауасымен тыныстап, денені босаңсытатын саз тыңдайды, медитация жасап, от тұтатып, оның хош иісінен ләззат алады.

Минералды су, шипалы батпақ

Шипажайдың емдеу хаттамасында дәрі-дәрмек қолданылмайды. Яғни, оның міндеті - өмір сүру деңгейін арттырып, ағзаны аурудан қорғау, басталған әлсіздікті бесігінде тұншықтыру. «Оқжетпес» кешенінің емдеу-оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Любовь Коноплева бұл жерді климаттық курорт деп атайды.

«Мұндағы климат керемет. Қылқан жапырақты ағаштардың 75%-ы өсетін ерекше табиғи бұрышта тұр. Таудың саф ауасы - біздің басты мақтанышымыз. Мұнда тыныс алу органдарының, жүрек-тамыр жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының ауруларынан кейін сауықтыруға басымдық беріледі. Біз Майбалық көлінің минералды суын, Балпашсор көлінің балшығын емге қолданамыз. Балпашсор көлінің балшығы тірек-қимыл аппараты ауруларын, артрозды, артритті, омыртқа остеохондрозын емдеуге көмектесетін биологиялық белсенді балшық болып есептеледі. Бұл тірек-қимыл аппаратының ауруларын емдеп қана қоймай, қабынуға қарсы әсер етеді»,-деді «Оқжетпес» кешені емдеу-сауықтыру бөлімшесінің меңгерушісі.

Мұндағы радон суы жұрт мақтап жүрген Ресейдегі Пятигорск радон суларына тең. Любовь Коноплеваның айтуынша, радон терапиясы – радон сәулесімен емдеуге негізделген және денені қорғанысқа бейімдеуге көмектесетін, перифериялық қан айналымына, жүйке-бұлшықет аппаратына әсер ететін терапияның бір түрі.

Шипажайдың су емханасында ваннаның бес түрі бар: су массажы, қылқан жапырақты ванна, панта бұғауы, төрт камералы ванна мен минералды ванна. Мұнда тіпті себезгінің де бірнеше түрі бар: душ-Шарко, дөңгелек душ, душ-массаж және субұрқақ душ. Сонымен қатар, емдеу блогында физиотерапияның бүкіл түрі, хирудотерапия (сүліктермен емдеу) бар. Дәрігердің нұсқауы бойынша келушілер шөп тұнбаларынан бұқтырылған шәй түрлерін, оттегі коктейльдерін іше алады.

Келушілер арасында бұғы мүйізінен алынатын панта терапиясына сұраныс жоғары.

Дәрігерлердің айтуынша, пантотерапияның арқасында иммунитет, дененің әртүрлі инфекцияларға төзімділігі артады. Созылмалы аурулардың күрт өршігеннен кейін және инфекция жұқтырып жазылғаннан ағзаның тез қа»(лыпқа келуіне панта терапиясы таптырмайтын ем болып есептеледі. Ол үшін мұндағы бұғы мүйізінің сорпасы құйылған ваннаға, панталы бу саунасына түсе алады. Бұғы мүйізінің пайдалы сығындылары бет күтіміне де пайдалы көрінеді. Сондықтан мұнда келген қыз-келіншектер панта-маска жасатып жатады.

Ең бастысы, әр пациентке ем жеке-жеке тағайындалады. Мұнда қолданылатын терапияның қайсысына оң көрсеткіші бар, қайсысына кері көрсеткіші бар, соның бәрі таразыланады. Емделушілер еш дайындықсыз келсе, мұндағы дәрігерлер скрининг жасап, клиникалық және биохимиялық сынақтар алып, электрокардиограммаға түсіреді. Яғни, науқасты тексеріп, оның ауруын анықтап барып қана емдеуге кіріседі.

COVID-тен оңалу

«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы бекіткен медициналық-экономикалық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін айта кету керек. Оның ішінде ағзаны коронавирус инфекциясынан кейін қалыпқа келтіру бағдарламасы да бар.

«Бұл бағдарламаға шөптермен емдеу, фитотерапия, емдік дене шынықтыру, оттегі коктейлі, түрлі ингаляциялар, минералды су ингаляциясы, дәрілік заттар ингаляциясы және шөп тұнбалар ингаляциясы кіреді. Сондай-ақ, физиотерапия, магнитотерапия, электротерапия, жылу процедуралары бар. Былтыр осы бағдарлама бойынша 1 мыңнан астам пациент сауығып шыққан. Біз тіпті коронавирустың ауыр түріне шалдыққан АҚШ азаматын да емдедік. Екі апта ішінде сауығып шықты. Әлі күнге дейін сол кезде аман алып қалғанымыз үшін алғыс жолдап, хабарлама жіберіп тұрады. Ол 100% сауығып кетті», - деп еске алды «Оқжетпес» кешенінің емдеу-оңалту бөлімшесінің меңгерушісі.

Мамандар емдік дене шынықтыру мен тыныс алу гимнастикасы арқылы жүрек-тамыр, тыныс алу жүйелерінде ақауы бар науқастарға өте пайдалы екенін айтады.

«Тыныс алу гимнастикасының арқасында өкпе өте жақсы тазартылады, иммунитет жоғарылайды, тірек-қимыл жүйесі өте белсенді жұмыс істейді. Тыныс алу гимнастикасынан басқа тірек-қимыл аппараты гимнастикасын жүргіземіз. Бұл қазірдің өзінде тірек-қимыл аппаратының ауруларымен жұмыс деуге болады. Демалушылар жаттығуларды мүмкіндігінше орындайды. Яғни, олардың бізге қандай сырқатпен келгенін, оның физикалық мүмкіндіктері қандай да бір жаттығуды орындауға қаншалықты мүмкіндік беретінін ескереміз», - деп толықтырды фитнес-жаттықтырушы Динара Ералина.

Сапалы тамақ – саналы ем

Емдеу-сауықтыру кешенінде пациенттердің тамақтануына да ерекше көңіл бөлінеді. Салауатты және толыққанды тағам емдеу процесінің ажырамас бөлігі екенін мамандар қаперде ұстап келеді.

«Мәзір құрастырған кезде маусымдық ерекшеліктерді ескереміз. Сондықтан қысқы және жазғы мәзір бар. Дәрігерлердің қосымша нұсқауы бойынша кейбір науқастардың диета ұстауына жағдай жасауға тырысамыз. Науқастар бізге аурудан айыққанымен әлсіздіктен арыла алмай жүрген кезеңде келеді. Осыған қарамастан, біз олардың бүкіл тілектерін ескеруге тырысамыз. Әр емделушінің қалауына түсіністікпен қарап, қажет болса қосымша тамақ береміз. Күн сайын күндізгі сағат 11-де жаңа пісілген қымыз ұсынамыз. Мәзірге қазақтың ұлттық тағамдарын қосуға тырысамыз. Сондықтан дастарханымыздан жент, құрттың түр-түрі, бауырсақ пен жаңа ұйытылған айран үзілмейді», - дейді тамақтану қызметінің меңгерушісі Елена Житниковская.

Әр жылдың ас мәзірі бекітілгенімен, кейбір емделушілерге арнайы мәзір жасалады.

«Емделе жүріп мүсінін түзеп алғысы келетін емделушілер көп. Сондықтан, биыл біз құнарлылығы 1600-1800 ккал-ға дейін төмендетілген диеталық тағамды әзірлей бастадық. Сонымен қатар, вегетариандық бағыттағы мәзір жасаймыз. Яғни, әр емделушінің өмір философиясын ескереміз.

Ораза ұстап, өзге де діни бағытта тамақтан, судан тыйылатын адамдарға арналған мәзір де болады», - дейді Елена Житниковская.

Көптеген келушілер үшін санаторий екінші үйге айналды. Олар мұнда жақындарымен, балаларымен келеді, ал дәрігерлер оларды құшақ жая қарсы алады.

«Қызметкерлердің көбі мұнда талай жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл біздің бірегей ерекшелігіміз шығар. Жылдар бойы өз ісіне берілген маманнан артық білікті маман жоқ. Көптеген маман жұмысын біздің шипажайда бастап, кейін мансабы өсіп жатты. Даяшы боп келіп, әкімші болғандар, швейцар болып ікіріп, басқарушы директорға дейін өскендер де бар. Бәрі шетінен өз жұмыстарын шын жүректен жақсы көреді және әр мейман бағалайды. Мұндай мамандар – біздің басты байлығымыз», - деді Яков Стерлигов.

Мамандар емделушіге, емделушілер мамандарға бауыр басып, сенім артып алатын жағдайлар болады. Мұнда да тұрақты емделушілер қалыптасқан көрінеді.

«Бұл өзі қызық. Бала күнінде әжесіне еріп келген кейбір емделушілер бүгін осында баласын әкеліп жүреді. Шынымен көз алдымызда өскен балалар бар. Некесін шипажайда қиған емделушілер де болды. Ем іздеп келіп, жүрегінің жартысын тапқандар бар», - дейді Яков Стерлигов.

Кешен аумағында жаңа ғимарат салынуы мүмкін. Сондай-ақ аэробика, йога, гимнастика, айкүне (көшпелі өркениетн гимнастикасы – ред.) сияқты түрлі белсенді ем шаралары бағдарламаға енгізілмек.


Соңғы жаңалықтар