«Оқжетпес» шипажайының қызметкерлері көлік кептелісі жұмысты тежейтініне шағымданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаз мезгіліндегі көлік кептелісі Бурабайдағы «Оқжетпес» шипажайының жұмыс кестесіне кесірін тигізіп отыр. Бұл туралы ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дадебаевтың аталған ұйым қызметкерлерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Щучье-Бурабай курорттық аймағында орналасқан ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде өткен кездесуде бірқатар өзекті мәселе көтерілді.

«Мысалы, жаз мезгіліндегі көлік кептелісі – шипажайдың жұмыс кестесіне кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан, трассадағы шлагбаумдарға алдын ала төлем жасайтын секілді онлайн терминал Бурабайда да орнатылса деген ұсыныс түсті. Сонымен қатар, ұжым өкілдері қызметтік көліктерді жаңарту, жұмысшыларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету жағын да тілге тиек етті», - дейді Айбек Дадебаев.

Әңгіме барысында шипажайда демалушылардың жиі қозғайтын сауалдары да назардан тыс қалмады. Соның ішінде – қызмет сапасы.

«Осы және өзге де мәселелерді қорыта келе, шипажайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру – уақыт талабы екенін аңғаруға болады», - деп толықтырады ҚР Президентінің Іс басқарушысы.

Айта кетсек, кешеннің медициналық құрал-жабдықтары жоспарлы түрде жаңартылып тұрады және барлығы да қолданыста. Былтыр жаңадан 5 жабдық сатып алынған. Биыл тағы 4 құрал алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, шипажайдағы 20 бөлме жыл аяғына дейін жөнделмек.


Видеодан алынған кадр

Соңғы жаңалықтар