Оқытудың озық әдісі: ШҚО-да мұғалім әлеуметтік желіні қалай пайдалануда
2022 жылғы 14 қаңтар 13:40

Оқытудың озық әдісі: ШҚО-да мұғалім әлеуметтік желіні қалай пайдалануда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Математика пәнінен сабақ беретін Евгения Леунова қазіргі технология дамыған заманда балаларды білім нәрімен сусындатудың жаңа әдісін меңгергендердің бірі. Шәкірттерін қызықтыра білетін ол Instagram желісінде жеке блогын, ал YouTube-та студенттер мен мұғалімдерге арналған оқыту арнасын жүргізуде. Міне соның нәтижесінде, оның тәлімін көрген оқушылар 2021 жылы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар сабаққа зор ықыласпен барады

Евгения Леунова ШҚО математика, физика, информатика салаларында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінде жұмыс істейді. Математика пәнінен сабақ беретін ол облыстық, республикалық семинарларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Ұстаз жұмысының жемісі – оның оқушыларының жетістігімен өлшенетіні белгілі. Ал осы тұрғыда педагог қара жаяу емес. 11-сынып оқушысы Леонид Гусков жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың алтын жүлдегері атанса, 5-сынып оқушысы Закир Джексенев республикалық математикалық олимпиаданың қола жүлдесін иеленген.

«Евгения Валерьевна ұлыма математика пәнін оқытады. Баламның математика сабағына зор ықыласпен баратындығын байқадым. Мұғалімге оқу материалын барынша түсінікті және қызықты жеткізіп, әр сабақта сынып ішінде жаймашуақ, қолайлы атмосфера қалыптастыра білетіндігі үшін өте ризамыз. Оның балаларға аса қиын тапсырмаларды түсінуге көмектесіп, тіпті сабақтан тыс уақытта сұрақтарына ыждаһаттылықпен жауап беретіндігі қуантады. Ұстаз әр балаға көмектесуге дайын тұрады», - дейді 11-сынып оқушысының ата-анасы Ирина Белянцева.

Жеке блогын жетілдіре түспек

Ерінбей еткен еңбегі үшін Евгения Леунова Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының, «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның, «Дарын» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының Алғыс хаттарына ие болды.

«Математиканы оқыту – менің сүйікті ісім. Мектептегі жұмыс, балалармен қарым-қатынас жасау өзіме қатты ұнайды. Білім беру саласындағы өзгерістер мен реформалар бізге көптеген жаңа мүмкіндіктер сыйлағаны рас. Нақты айтқанда, оқушылармен жұмыс істеудің жаңа формалары мен әдістерін қолдануға, заман ағымынан қалыспай, ілесіп отыруға жол ашылды», - деді Евгения Леунова.

Оның айтуынша, математика пәнін дарынды балаларға арналған мектепте оқыту үшін адам әркез өз өзімен жұмыс істеп, үздіксіз ізденісте болуы тиіс.

«Қазір Instagram желісінде жеке блогымды, YouTube-та студенттер мен мұғалімдерге арналған оқыту арнасын жүргізіп жүрмін. Онда өзімнің білгеніммен, оқып-тоқығаныммен бөлісемін. Шәкірттерімнің көздеріндегі отты, білімге деген құмарлығын байқаймын. Оларға зор ынталарына, маған да кәсіби түрде өсуіме мүмкіндік бергеніне ризашылығымды білдіргім келеді», - деді ұстаз.

Алдағы уақытта ол блогын одан әрі дамытып, осы саладағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT