Оқушылары тоңып отырған СҚО мектебі үш ауысымға ауыстырылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл мектеп-колледжі ғимараттың суықтығына байланысты оқуды үш ауысымға көшірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде СҚО-дағы мектептердің суықтығына шағымданушылар қатары артты. Ата-аналар сынып бөлмелерінде температураның төмендігіне наразы, оқушылар арасында аурушаңдық көбейген. Тұрғындар Бескөл ауылындағы мектеп-гимназияда да балалардың оқуына тиісті жағдай жасалмағанын айтуда.

Халық шағымына Қызылжар аудандық білім бөлімі жауап берді.

«Бескөл мектеп-колледжіндегі жағдайға байланысты айтар болсақ, мектептің бір бөлігі температуралық режимге сай келсе, екінші бөлігіндегі кей сыныптарда – суық. Сондықтан оқушылар үш ауысымға көшірілді. Балалар жылы кабинеттерге отырғызылды. Ол жерде температура 19-22 С шамасында.

Бұл уақытша шара, ғимараттағы температуралық режим дұрысталған бойда, мектеп қалыпты оқыту форматына көшеді», - делінген хабарламада.

Білім бөлімі мамандарының айтуынша, оқу ордасының жеке әріптесі «Радуга» ЖШС мектептің суық бөлігінде жағдайды жақсарту үшін модульді қазандық орнатуға шешім қабылдады. Дайындық жұмыстары басталып кетті.


Соңғы жаңалықтар