Оқушыларға манту орнына БЦЖ салған Ақтөбе мектебінде министрлік тексеріс бастады

2022 жылғы 28 қыркүйек, 17:56
Оқушыларға манту орнына БЦЖ салған Ақтөбе мектебінде министрлік тексеріс бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбедегі мектеп оқушыларына манту сынамасын жүргізбестен БЦЖ вакцинасын салу фактісі бойынша қызметтік тексеруді бастады. ҚазАқпарат бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазіргі уақытта бұл инцидент бойынша құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, Медициналық және фармацевтикалық бақылау бейінді комитеттерінің басшылары, бейінді мамандары бар комиссия құрылды. Олар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, сараптамалық қорытынды негізінде болған оқиғаға баға береді.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жасауда.

Биылғы 13 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №74 жалпы білім беретін орта мектебінде туберкулиндік диагностикаға жататын 1-сынып оқушыларына манту сынамасы жүргізілместен БЦЖ екпесімен ревакциналау фактісі орын алды.

Мектеп бойынша профилактикалық екпелерді жүргізу үшін жауапты орындаушылар ретінде Ақтөбе қаласындағы жеке клиниканың («Медикус орталығы» ЖШС ) дәрігері мен мейіргері тағайындалды. Аталған медицина қызметкерлері бүгінде жұмыстан шеттетілді.

Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, барлығы педиатрлардың бақылауымен сабақтарын жалғастыруда», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде.

Еске салайық, Ақтөбедегі аталмыш мектептің 42 оқушысына манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасы салынғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar