Оқушылардың республикалық пән олимпиадасынан батысқазақстандық шәкірттер үлкен табыспен оралды

None
None
ОРАЛ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Оқушылардың республикалық биылғы пән олимпиадасынан батысқазақстандық шәкірттер үлкен табыспен оралды.

Олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытынан білім сайысы Ақтөбе шаһарында, ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша Қарағанды қаласында өтті. Батысқазақстандық өрендер екі додада да Ақ Жайықтың абыройын асқақтатып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.

Ақтөбеде өткен жаратылыстану-математика пәндерінен білім бәйгесіне үкілеп қосқан балғындар облыс қоржынына 15 медаль (алтын - 1, күміс - 3, қола - 11)  салды. Осы білім додасына қазақ-түрік лицейінің 16 шәкірті қатысып, оның 11-і жүлдегер атанды. Алтын медаль алып, оған қоса Қазақ-Британ техникалық университетінің білім грантын иеленіп қайтқан Дәурен Мұратов - осы білім ордасының оқушысы. Енді Дәурен халықаралық олимпиадаға Қазақстан құрамасы сапында қатысатын болады. Бұл Дәуреннің жалғыз медалі емес. Ол биылғы оқу жылының өзінде ҮІІІ халықаралық Жәутіков олимпиадасында күміс, информатика пәнінен ІІІ Еуразиялық олимпиадада қола медальді өңіріне қадаған болатын.

Қарағанды қаласында өткізілген қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша олимпиаданың ІҮ кезеңіне БҚО-дан 30 оқушы қатысып, оның 14-і жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 3 күміс, 11 қола медальмен оралды.  Соның ішінде дарынды балаларға арналған  мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатынан 8 оқушы қатысып, бесеуі жүлдеге ие болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Алпамыс Файзолла күміс, Айдана Болатова мен Ақерке Көшкінбаева қола, орыс тілі пәнінен Әлихан Қалиев пен Адина Әбдіғалиева да қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ осы білім жарысында БҚО мамандандырылған дарынды балалар мектебінің шәкірттері Мирас Орынбасаров пен Алтынбек Рахметов Қазақстан тарихы пәні бойынша күміс пен қола медальді еншіледі.

Соңғы жаңалықтар