Оқушылардың емтиханы мен мұғалімдерді тестілеу уақыты қатар келмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылардың емтиханы мен мұғалімдерді тестілеу уақытының қатар келмеуін қамтамасыз етпек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың берген жауабында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін «Халық коммунистері» атынан бір топ депутат педагогикалық кадрларды аттестаттаудың жаңа ережелері мұғалімдердің көңілінен шықпай отырғанын хабарлаған болатын. Депутаттардың айтуынша, біліктілін санатын арттыру және растау жөнінде өтінім берген мұғалімдер мен жаңа мәртебеге алуға өтінім берген ұстаздардың тестілеуі бір уақытта жүргізіледі. Тестілеу көп жағдайда облыс орталықтарында өтеді. Мәжілісмендердің айтуынша, шалғайдағы ұстаздардың жол ақысына және жүріп-тұруына біршама материалдық шығын шығаратыны ескерілмеген. Екіншіден, мұғалімдерді аттестаттау мемлекеттік емтихан алынатын уақытта, яғни оқу жылының соңына қарай жүргізіледі.

«Мұғалім қалайша бір уақытта емтиханда әрі тестілеу пунктінде бола алады?», - дейді депутаттар.

Мәжілісмендердің бұл сауалына Үкімет басшысы жауап беріп, Ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесі бойынша 2018 жылдың қазанында мұғалімдердің лауазымдық қызметақысына қосымша ақының жаңа кестесін енгізу қарастырылғанын хабарлайды.

«2018 жылы кезекті аттестаттауға енген мұғалімдер 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін аттестаттаудан өтті. Сәйкесінше, алған немесе растаған біліктілік санаты олар үшін 2023 жылға дейін күшінде болады», - делінген жауапта.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Ұлттық біліктілік тестілеуден өткізу бойынша 64 тармақ (37-і облыс орталықтарында және 27-і аудан орталықтарында) бекітілген. Бюджет қаражатының мөлшері тестілеуден өтетін мұғалімдері аз елдімекендерде пункттерді ашуға мүмкіндік бермеген.

«Аттестаттау сынынан өткен 56 910 мұғалімнің 50 пайызы Ұлттық біліктілік тестілеуді тұрғылықты жерінде тапсырған. Қалғандары өздеріне жақын жердегі пункттерге барған. Айта кетерлігі, расталған біліктілік санаты бойынша қосымша ақы мұғалімдерге (мамырда тестілеуден өткен) осы жылдың қыркүйек айынан бастап беріле бастайды. Ал осы жылдың қазан айында тестілеуден өткен мұғалімдердің айлығын қосымша ақы келесі жылдың қаңтар айынан бастап қосылады», - деп жауап береді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының жауабына сәйкес, ҚР БҒМ облыстық және Астана, Алматы қалалық білім басқармаларына оқушылардың қорытынды емтиханы мен мұғалімдерді тестілеуден өткізу уақытының тұспа-тұс келуі туралы мәселелерді реттеу бойынша ұсыныс хат жолдаған. Бұған қоса осы жылы жаңартылған білім бағдарламасына көшетіндіктен 1, 2, 5, 7 сыныптарға келесі сыныпқа өту емтиханы жүргізілмегенін айта кету керек.

Соңғы жаңалықтар