Оқушылардың 10%-ы электронды темекі немесе вейп тартады – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде оқушылардың 10%-ы түрлі темекі өнімдеріне құмарлық танытады. Олардың саны 13-15 жастағы жасөспірімдер арасында екі есе артады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрлік ерекше мән беретін маңызды блоктың бірі балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік пен темекі тарту мәселесі. «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында оқушылар арасында денсаулық сақтау бойынша зерттеу жүргізілді. Айта кетсек, елімізде оқушылардың 10%-ы электронды темекі немесе вейп тартады», - деді Вячеслав Дудник орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, 13-15 жастағы жасөспірімдер арасында темекі, вейпке құмарлық екі есе артады.

«Біздің министрлік заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өздеріңіз білетіндей, Үкімет темекі өнімдеріне қатысты акциздер мәселесін қарастырып жатыр. Сондай-ақ, елімізде вейпке тыйым салу мәселесі де талқылануда», - дейді ол.

Бұған дейін аталған ведомство оқушылар денсаулығын жиі мазалайтын патологиялық проблемадарды атаған еді.


Соңғы жаңалықтар