Оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінген қаражат шығынды ақтамайды - Алматы кәсіпкерлері

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қала әкімі Ерболат Досаев алматылық кәсіпкерлермен кездесу барысында бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде айтылғандай, 1 қыркүйектен Алматыда бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жобасы басталды. Кәсіпкерлер бір баланы ыстық тамақпен қамту құны күніне 560 теңге деп есептелгенін алға тартып, бұл қаражаттың шығынды ақтамайтынын айтады.

«Алайда, бүгінгі күні бұл қаражат тек азық-түлік алуға ғана жетеді, яғни ас әзірлеушілердің еңбегі мен тамақ дайындауға кететін шығынды ақтамайды. Пандемиядан кейін кәсіпкерлер балаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін несие алады. Алдын ала қаражат бөлу (аванс) мәселесін қарастыруға бола ма?» - деп сұрады әкімнен кәсіпкерлер.

Ерболат Досаев жауапты құрылымдар бюджетті қалыптастырған кезде нарықтағы бағаға назар аударғанын атап өтті. Алайда, ол сәуір айында болған.

«1 қыркүйектен бастап қаламызда алғаш рет бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды. Мен мұны жариялаған кезде, бизнесмендер жүктеменің салмақты болатынын түсінуі керек деп ойладым. Жауапты құрылымдар бюджетті қалыптастыруда нарықтағы бағаны ескерді. Алайда, сіздің сұрағыңыз орынды, өйткені бұл бағалаулар сәуір айында жүргізілген. Келесі жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде аванстық төлем мәселесін зерттеп, қарастырамыз», - деп жауап берді әкім.

Еске салсақ, биыл оқу-ағарту министрлігі пилоттық жобаларды қолға алды. Олар – мектеп автобусы және оқушыларды ыстық тамақпен қамту. «Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» атты форумда министр Асхат Аймағамбетов бұл жобалардың Алматыда басталатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар