Оқушылар үшін алаңдаған кітапханашыны Қостанай облысының бас полицейі қабылдады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов Алтынсарин ауданының тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтармен кездесу «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында өтті. Бекет Аймағамбетов Силантьев және Кішкентай Чураков ауылдары тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады.

Обаған орманшылығының орманшысы Петр Урбанович осы аймақтың табиғи ресурстарының сақталуына алаңдаулы. Оның айтуынша, демалушылардың немқұрайлығынан табиғат зардап шегіп жатыр.

«Алтынсарин ауданы өзінің қарағайлы ормандарымен танымал. Күн сайын мұнда демалу үшін көп адам келеді. Олар от жағады, кәуап пісіреді, салдарынан орманда өрт шығу қаупі туындайды. Біздің ауданда табиғатты қорғау полициясының инспекторы жоқ, алайда іргедегі Қостанай ауданында бар. Сізден осы лауазымды Алтынсарин полиция бөлімінің штатына енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», - деді Петр Урбанович.


Департамент бастығы Бекет Аймағамбетов бұл ұсынысты қолдап, көрші Қостанай ауданындағы табиғатты қорғау полиция инспекторына аталмыш аумақта қызмет атқаруға құзырет беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Біз осы бөлімшені жасақтап, оның кадрлық құрамдастарын күшейтетінімізді атап өткім келеді. Қазіргі уақытта облыстың әрбір ауданында осы штат бірлігі енгізілетін болады. Облыстың табиғи әртүрлілігін сақтау маңызды. Бүгінде қызметкерлер үшін қарда жүретін екі техника және бес қызметтік автокөлік сатып алынды. Осы шаралардың арқасында бөлімше жұмысының тиімділігі артты», - деп жауап берді полиция генералы.

Осы жылы 450-ден астам браконьер әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 2 браконьерге қатысты ҚР ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Қабылдауға келген «Зуевка» ЖШС директоры Александр Бородин астық жинау науқаны кезінде патрульдік полиция ротасының инспекторлары аграрларға астықты кедергісіз жеткізуге көмектесуін өтінді.

«Сіздің өтінішіңізді қолдаймыз, - деп жауап берді департамент бастығы. - Қазіргі уақытта ауданда жол қауіпсіздігін бір экипаж бақылайды. Ол қойылған міндеттерді орындайды деп үміттенемін».


Сонымен қатар, А. Бородин полиция бөліміне қызметтік автокөлікті жаңарту мәселесін көтерді.

«Биылғы жылы бізде автокөлік сатып алу жоспарланған. Полиция бөліміне жаңа автокөлік берілетін болады», - деді Б. Аймағамбетов.

Тағы да үш өтініш мал ұрлығын ашуға қатысты болды. Белгісіз біреулер ауылдықтардың ауласынан малдарын ұрлап кеткен. Жәбірленушінің бірі Майра Кульдинованың айтуынша, Қостанай ауданының аумағында күдікті ұсталған. Алайда, іс сотқа жеткен жоқ, сондықтан да залалды материалдық өтеу мәселелері шешілер емес.

«Бұл қылмыстық істің тергелуі туралы жақсы хабардармын. Үш адамнан тұратын қылмыстық топты бір ай бұрын құрықтадық. Олардан арқан жіптер, пышақтар тәркіленді. Сондай-ақ олар бірнеше аудан аумағында, соның ішінде мұнда да ұрлықтар жасағандары туралы мойындады. Мәселеңіз шешіледі. Қазіргі таңда осы дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді облыстық ПД бастығы.

Б.Аймағамбетов атап өткендей, тергеу барысында құрылған жедел-тергеу тобы аудан аумағында 14 мал ұрлығын тіркеді. Бүгінде оның алтауы ашылды.

Ал мектеп кітапханашысы Светлана Калиниченко Силантьев ауылы бойынша қозғалыс кезінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.

«Силантьев ауылындағы Бейбітшілік және Ленин көшелерінде жаяу жүргіншілер жолағын көрсететін белгілер жоқ. Сонымен қатар, Силантьев, Обаған, Кішкентай Чураков ауылдарындағы көшелерге бейнебақылау орнатуыңызды сұраймыз», - деді ол.

Бұл мәселені шешуге облыстың әкімшілік полициясы қосылады. Жалпы, ПД бастығы 10-нан астам азаматты қабылдады. Кездесу барысында Полиция департаментінің бастығы қылмысты ашуға көмектескені үшін Свердлов кентінің қоғамдық полиция көмекшісі Виктор Радионовты марапаттады.


Соңғы жаңалықтар