Оқушылар арасындағы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына 50 мың оқушы қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мектеп оқушылары арасындағы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына 50 мың оқушыны қатыстыру көзделуде. Бұл туралы «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ауқымды әрі ағартушы жоба. Ол жобаға біз еліміздің барлық өңірлерінен 50 мыңнан астам оқушыны тартуды жоспарлап отырмыз. Оның мағынасы - оқушылар қазақтың «Қобыланды батыр» эпосын жаттап қана қоймай, оны талқылап, қазақтың ертедегі сөздеріне түсінік бере алуы керек. Бұл байқауды Жастар жылына арнап отырмыз. Қоғамның кең назарына ие болар деген сеніміміз бар. Жобаның финалдық кезеңі - «Хабар» телеарнасында телекүнделік және гала-концерт форматында өтеді. Бұл ретте мен осы жобаны қолдауға дайын отырған облыс әкімдіктеріне, Алматы мен Астана, Шымкент қаласының әкімдігіне, Білім және ғылым министрлігіне ерекше алғысымды білдіргім келеді», - дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, әлемде мұндай оқулар көптеген елдерде өтіп жатады.

«Мәселен, ағылшын тілді елдерде «Шекспир» оқулары өтіп жатады. Ол аз десеңіз, Ресейде «Пушкин» оқулары өткізіледі. Барлық жерде мақсат біреу - өсіп келе жатқан жас буынға туған тіліміздің байлығы мен көркемдігін, біздің бабалардың поэтикалық мұрасының көркемдігін көрсету», - деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда мектеп оқушылары арасындағы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өтетіні хабарланған еді. Негізгі мақсат - жастарды «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырлары сынды xалқымыздың бай мұрасы негізінде тәрбиелеу.

Байқау 6-10-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылады. Осы жолы «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айту қажет. Байқауға республика бойынша 5 000 мектептен 50 000 оқушы қатысады деген жоспар бар. Әр мектептен 10 оқушы (6-шы сыныптан 2 оқушы, 7-ші сыныптан 2 оқушы, 8-ші сыныптан 2 оқушы, 9-шы сыныптан 2 оқушы және 10-шы сыныптан 2 оқушы) қатыса алады.

Жоба үш кезеңнен - аудандық, облыстық және республикалық іріктеуден тұрады. Аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын - 100 000 теңге, 3-ші орынға 50 000 теңге қарастырылған. Ал облыстық кезеңде 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын - 600 000 теңге, 3-ші орын алғандарға 300 000 теңге табысталады. Қазіргі кезде республикалық іріктеудің қаржылай қоры пысықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар