Оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба байқауының қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жас ғалымдар бәсекесі 13-16 ақпан аралығында Алматы қаласында өтті.

«Мектеп оқушыларына арналған ғылыми жоба осымен 20-шы рет ұйымдастырылды. Биылғы байқаудың ерекшелігі - оқушылардың ғылыми жобаларын қорғаудың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында онлайн-режимде өтті. Тікелей көрсетілім министрлік пен «Дарын» орталығының әлеуметтік желілері арқылы жүргізілді. 18 секциядан тұратын ғылыми жобаның өту барысы 131 891 рет қаралды», - деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Байқауға 1000-ға жуық жұмыс түсіп, оның ішінде іріктеу кезеңінен өткен 625 жоба авторы өз жұмысын қорғауға жолдама алды.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ғылыми жобаның қорытындысы бойынша I дәрежелі диплом және алтын медальмен 60 жеңімпаз (49 жоба), ІІ дәрежелі диплом және күміс медальмен 103 жүлдегер (79 жоба) және ІІІ дәрежелі диплом, яғни қола жүлдемен 176 (130 жоба) жас ғалым марапатталды.

Командалық есеп бойынша жарыстың бас жүлдесін Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары иеленді. Одан бөлек, бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Павлодар облысы және үшінші орынды Жамбыл мен ШҚО оқушылары өзара бөлісті.

«Ғылыми жобаның жеңімпаз құрама командасы осы жылдың 12-17 мамыр аралығында АҚШ-тың Феникс қаласында өтетін жыл сайынғы Intel ISEF-2019 халықаралық ғылыми жобалар байқауына өз жұмыстарын ұсынады», -делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар