Оқушылар ақбөкен жортқан өлкені көрді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен, биыл алғаш рет Ырғыздағы экотуристік маршрутқа облыстың мектеп оқушыларын тарту жүзеге асырылды.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында Малайдар экотуристік маршруты ашылған болатын, деп жазады aktobegazeti.kz. Бұл Малайдар көлдер жүйесіне барар жолда туристер тарихи жерлерді, өткен ғасырларда салынған сәулет өнерінің ескерткіштерін, Ырғыздың тұмса табиғатын тамашалай алады. Соқпаққа іргелес орналасқан құм-шағылдарды көріп, Қожагелді тұзына баруға болады.

Туристік маршруттардың ұзақтығы 297 шақырымнан асады. Оның ішінде автокөлікпен, атпен, жаяу, қайықпен жүретін бағыттар бар. Алайда, резерват басшыларының айтуынша, жылдың жазғы, күзгі айларына есептелген бұл экотуристік маршрут ашылғанмен, бұрын белсенді жұмыс істей алмаған, бірер шетелдік туристерге қызмет көрсетумен шектеліп келген. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ырғызға сапарлары кезінде осы мәселе көтеріліп, нақты шешім қабылданып, содан кейін ғана жұмыс жандана бастаған. Аймақ басшысының тікелей араласып, қолдауымен, биылғы жылдан бастап экотуристік маршрутқа облыстың мектеп оқушыларын тарту жүзеге асырылып отыр.

Бұл өлкенің табиғатын маусым айынан бастап,  жаңа оқу жылы басталғанша облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласының ең таңдаулы оқушылары тамашалайды деп жоспарланған. Қазіргі күнге Ырғызда облыстың алты ауданының мектеп оқушылары болып қайтқан. Олардың ішінде  Шалқар, Хромтау, Алға, Әйтеке би сынды аудандардың оқушылары бар.

Біз осы ауданда іссапарда болған кезде Қобда ауданының оқушылары болды. Олармен аудан орталығы басында орналасқан Ырғыз-Торғай

мемлекеттік табиғи резерваты кеңсесі алдында кездестік. Оқушы туристер бірнеше көлікпен, Малайдар экотуристік маршруты тобындағы қызмет көрсететін адамдардың бастауымен ертеңгілік жолға шығуға қамданып жатты.

Осы жерде біз Қобда ауданының оқушыларын бастап келген, ұстаз, аталған ауданның Бестау ауылындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Сатеваға жолығып, әңгімеге тартқан едік:

- Қобда ауданынан 18 оқушы келді. Ауданның Әлия Молдағұлова, Бестау, Егіндібұлақ, Талдысай, жалпы барлық мектептерінен оқушылар бар. Оларға «Дарын» орталығынан тегін жолдама берілді. Жолы, тамағына да ақша қаралған. Жолдың алыстығы болмаса, бәрі жақсы, өте тамаша. Тарихы, табиғаты бай Ырғыз өңірі жайлы көп нәрсені біліп жатырмыз.  Мұнда барлық жұмыс жақсы, ыждағатты ұйымдастырылған. Аз уақыттың өзінде оқушылар өңірмен танысып үлгеріп жатыр. Мұнда келгендер - 7-8-9 сыныптың оқушылары. Сондықтан  олардың дүниетанымын байыту үшін мұндай шаралар өте  қажет.

Туристік сапарға үздік оқитын, жобалар бойынша орын алып жүрген  оқушыларды алып келдік. Бізді мұнда жақсы қарсы алып, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының әсем ғимаратына орналастырды. Жататын жері де осының ішінде. Көптеген шаралар да осында өтеді. Тамаққа өздері алып барады. Оқушыларымызға Ырғыз ұнады. Бүгін табиғат аясына шығамыз. Балық аулаймыз. Оқушылар қайыққа мінеді. Негізгі мақсат - өлкені зерттеу екенін ұқтық, жақсы шара. Тек менің бір айтатыным, 3 күн өте аз, кемінде 5 күн болу керек. Себебі біз сияқты шалғай жерден келгендер үшін 2 күн жолға кетеді. Сонда бір-ақ күн қалады. Ырғыз сияқты үлкен ауданды танып, білу үшін бір күн өте аз болады. Қобдадан Ырғызға дейін өз автобусымызбен сонша жер жүріп, шаршап-шалдығып жеттік. Басында жүрексінгенмен, батырлар елі атанған Қобда ауданында туған біздің оқушыларымыз жолдың қиындықтарына шыдады. Алда ұйымдастырушылар осыны ескеру керек. Бұдан басқа, туристік топтың қызметіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деді  Шынар.

Сол жерде бұл ұсынысты резерват басшысының міндетін атқарушы Аман Алтынбаев құптап, экотуристік маршрут бойынша бастапқы белгіленген жобалардың, оған оқушыларды қатыстыруға байланысты  біраз өзгерістерге ұшырағанын айтты.

- Біз бастапқыда оқушыларға резерват аумағын аралатып, киіктерді көрсетейік деген мақсат ұстанғанбыз. Бірақ ол жолдың балаларға қазіргідей  ыстықта ауыр соғатынын, жолдың қауіпсіздігін  ескеріп, бұл шараларды қысқарттық. Туристік бағыт оқушылармен биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Шынын айтқанда, бұл істе жауапкершілік алу да оңай емес. Осы қызметті жүзге асыруда үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа айтар алғысымыз шексіз, - деді резерват басшысы.

                                                                                                                                                                       Аманқос Орынғалиұлы.

Соңғы жаңалықтар