Оқушы мектепке формасыз келген күннің өзінде, партаға отыруға құқылы - білім басқармасы

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқушы білім ордасына арнайы мектеп формасын кимей келмесе де, сабаққа қатысуға құқылы. Мұны бас қаланың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу-ағарту министрлігі биыл бірыңғай мектеп формасы міндеттелмейтінін мәлімдеді. Ең бастысы – оқушы білім ордасының қарапайым ережелеріне сай киінсе болғаны. Ескерте кетейін, баланың білім алу құқығын ешкім шектемеуі керек. Егер бала мектеп формасымен келмесе де, оны ұстаз партаға отырғызуға міндетті», - деді білім басқармасының басшысы.

Қасымхан Сенғазыев бұл мәселелер арнайы ұйымдастырылатын кеңесте ата-аналар комитетімен талқыланып, шешім қабылданатынын айтты.

«Жыл сайын мектеп формасына қатысты мәселе қызу талқыланады. Бала бір мектептен екінші мектепке ауысқанда, ата-аналар оларға форма сатып алмауы керек екенін түсінуіміз керек. Сондықтан, біз оларға қара көк түсті киім үлгісін ұсындық. Мектеп формасы бойынша соңғы шешімді ата-аналар мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып қабылдайды», - деп түсіндірді Қасымхан Сенғазыев.

Бұдан бөлек, брифинг аясында білім басқармасының басшысы астанада үш ауысыммен істейтін 4, ал бала саны шамадан тыс көп 15 мектеп бар екенін баяндады.


Соңғы жаңалықтар