Оқулықтар цифрлы форматқа көшіріліп жатыр - Асхат Аймағамбетов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Пәндерді оқытудың инновациялық әдістері енгізіліп, қажетті оқу материалдары цифрлы форматқа ауыстырылады. Бұл туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы тармақтарға тоқталған оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізіп, мектепте дәстүрлі баспа оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік алады. Оқулықтар үйреншікті дәстүрлі қағаз және цифрлы форматта қолжетімді болады

, - деп жазған ведомство басшысы.

Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқытуға қолайлы жағдайлары бар 1,5 млн оқушы орны беріледі.

Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары – құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында және т.б. Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады

, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Министр 1,5 млн орын салу – біртіндеп бір ауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын игі бастама екенін де атап өткен.

Бұған дейін сәбилерді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілгені хабарланған болатын.

Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасылардың балалары балабақшада тегін тамақпен қамтылатыны мәлім болды. Министрдің айтуынша, барлық бастауыш сынып оқушылары да тегін ыстық тамақпен қамтылады.


Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар