Оқулықтар 79 пайыз цифрлық форматқа көшірілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектеп оқулықтарының 79 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының оқу процесін цифрландыру аясында пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажет оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру тапсырмасына сәйкес, педагогтерге цифрлық оқу материалдарын тиімді пайдалануды, инновациялық тәсілдерді қолдануды үйрету, цифрлық оқу материалдарын кеңейту, мектепішілік және Ұлттық сыртқы бағалауды цифрлық форматқа көшіру, сондай-ақ мектептерді техникалық құралдармен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамту міндеттері іске асырылып келеді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бұған қажет талаптар мен ережелер министрліктің 6 нормативтік-құқықтық актілерінде нақты бекітілген. Аталған заңнамаларға сәйкес қазіргі таңда білім жүйесін цифрландыру жұмыстары кешенді әрі жүйелі түрде жүргізілуде.

«Оқу процесін басқаруды цифрландыру мақсатында республика бойынша 7 мың мектепте электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілді. Сонымен қатар, бұл платформалардың оқушылар мен ұстаздарға арналған мобильді қосымшалары, аналитикалық бақылау тақталары, мектептегі ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары секілді қосымша қызметтері іске қосылған. Қазіргі таңда оқулықтардың 79 пайыз цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар