Оқуға түсе алмаған жастардың арнайы батальонда диплом алуына болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Шекара қызметінде жаңа батальон құрылады. Аталған құрылымның негізгі мақсаты - киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Сергей Журавлевтің айтуынша, жақын күндері Шекара қызметінде ақпараттық қауіпсіздік батальоны ашылады. Оған түскен жастар әдеттегідей біржылдық мерзімді әскери борышын өтейді. Бірақ оларды киберқауіпсіздікке үйрету шараларына басымдық беріледі. "Мысалы, оқуға түсе алмаған жастар болады ғой. Дәл осы жастарды біз жаңа батальонға тартып, ақпараттық қауіпсіздікке үйрететін боламыз. Осыған орай, "ақпараттық қауіпсіздік маманы" деген жаңа әскери мамандықты енгіздік. Қазір білім және  ғылым министрлігімен аталған мамандықты кәсіптік білім туралы дипломмен теңестіру мәселесін зерделеп жатырмыз. Осының арқасында киберқауіпсіздік бойынша мамандарды көбірек даярлауға мүмкіндік болады", - деді С.Журавлев ҚР Парламент Сенатында өткен жиында.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа батальонға ақпараттық теxнологияларға бейім жастар ғана қабылданады. Қыз балалар да аталған құрылымға бара алады. "Ең бастысы, жастар ақпараттық теxнологияларды түсінуі керек. Бір жыл бойы олар шекара қызметінің инфрақұрылымын қорғайтын болады. Ал сабақтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясында ұйымдастырылады. Әскери борыштың мерзімі аяқталғаннан кейін олар ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы ретінде шығады. Мен өзім Израильде болдым. Ол жақта әскердің құрамында киберқауіпсіздік құрылымдары бар. Оған мектеп оқушыларын іріктеу 10-шы сыныптан басталады. Сонда бір орынға 100 адам үміткер ретінде тіркеледі. Себебі олар аталған құрылымнан өткеннен кейін жұмысқа тұра алатынын анық біледі", - деп атап көрсетті С.Журавлев. 

Соңғы жаңалықтар