Оқу жылы ұйымдастырылмаған түрде басталғаны туралы ақпаратқа вице-министр жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылының ұйымдастырылмаған түрде басталғандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Оқу жылы басталды. Оқу жылы басталмас бұрын үлкен дайындық жұмысы атқарылды. Бүгінгі күні барлық мектеп оқушылары оқу процесіне кірісті. Оқушылардың 73 пайызға жуығы бүгінде қашықтан оқып жатыр және штаттық режимде білім беріп жатқан мектептердің саны 3 мыңға жуықтайды. Ол жалпы Қазақстандағы 7 мың мектептің 43 пайызын құрайды. Сонымен қатар барлық мектептерде 1-4 сыныптарда және мектепалды сыныптарында кезекші сыныптар жұмысын бастады», - деді вице-министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, кезекші сыныптарда 547 мыңнан аса оқушы оқып жатыр. Бұл оқушылардың 60 пайызға жуығы 1-сынып оқушылары.

«Сондықтан оқу жылының ұйымдаспаған түрде басталғандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі күні 500 мыңнан аса мұғалім барлық білім мекемелерінде жұмыс істеп жатыр. Олардың еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Министрлік бұған дейінгі уақытта да мұғалімдерге алғысын айтып келді. Қазіргі қиын жағдайда оқу процесін штаттық режимде бастап жатқан, әртүрлі форматта жұмыс істеп жатқан мұғалімдерге министрлік тарапынан тағы да рахметімізді айтамыз», - деді Шолпан Каринова.


Соңғы жаңалықтар