Оқу орталығына алданған атыраулықтар облыс әкіміне шағымданды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Оқу орталығына алданған атыраулықтар облыс әкіміне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қабылдауына 13 ата-ана шағым айта келді. Олар «МегаМозг» оқу орталығына балаларына қосымша білім беру үшін бір жылдың ақшасын төлеген.

«Оқыту орталығының мамандары акция жүріп жатқанын, бір жылдың оқу ақысын алдын ала төлесек, әлдеқайда арзан болатынын айтты. Біз сол сөзге сеніп, келісімшартқа алдын ала қол қойдық. Келісімшарт жасағанымыз үшін мәз болып жүрдік. Жұмсалған қаражат аз емес. Бір жылдың қаржысын жинау үшін несие алғандар бар. Басқа ата-аналар біз секілді алданбауы үшін облыстық Білім басқармасы тарапынан тексеріс өткізілгенін қалаймыз», - деді ата-ананың бірі Әсия Ізтелеуова.

Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимовтың айтуынша, бұл іс сараптамаға жіберілген. Ал күдікті қамауға алынды.

«Барлық жәбірленушінің арызы қабылданды. Тергеу амалдары аяқталды. Орталыққа 145 адам алданған. Күдікті қамауға алынды. Бұл іске қатысты қолжазба және фоноскопиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы алынған соң, іс сотқа жолданады. Күдікті төрт әйелге қатысты шешім қабылданады», - деп мәлім етті Руслан Айтимов.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жеке қабылдауға келген 13 ата-ананың мәселесі бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берді.

«Мен бұл іспен танысып шықтым. Өкінішке қарай қоғамда алаяқтар өте көп. Ата-аналар орталыққа балаларының сапалы білім алуы үшін қаржы төледі. Сондықтан, қалалық прокуратура бұл істі жан-жақты зерттеп, жіті қадағалауға алуы қажет. Мұны азаматтық іс деп жылы жаппай, алаяқтыққа қатысы бар-жоғын анықтаған жөн. Осындай іске қатысы бар алаяқтар лайықты жазасын алуы тиіс», -деді Серік Шәпкенов.


Соңғы жаңалықтар