Оксана Тен: Вице-президент лауазымын маған Болат Жәмішев ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық конькишілер федерациясының вице-президенті Оксана Тен қызметін босату туралы үстінен жазылған арызға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең алдымен Ұлттық конькишілер федерациясының вице-президенті баспасөз мәслихатын өткізудің басты себебін айтты.

«Мені осы баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр еткені – күні кеше Сергей Вороновтың телефонына біреулер қоңырау шалып, оның өміріне қауіп төніп тұрғанын, Қазақстанды мүлде ұмытсын дегені болды. Мәнерлеп сырғанаудағы осы мәселені ескере отырып және оған тиісті органдар назар аударуы мүмкін деп баспасөз мәслихатын өткізіп отырмыз»,- деді ол.

Жиын барысында Оксана Тен федерацияның «вице-президент» лауазымына өзі ешқашан сұралмаған, керісінше оған бұл лауазымды ұсынған.

«Менен спортта қалуға, мәнерлеп сырғанаудың дамытуға көмектесуге, ұзақ жылдар бойы мәнерлеп сырғанауда жинаған тәжірибеммен бөлісуді, мәнерлеп сырғанауды дамыту стратегиясын әзірлеуге көмектесуді сұрады. Бұл 2019 жылдың көктемі еді. Ол кезде федерация президенті Болат Жәмішев еді. Маған сол кісі осы лауазымды ұсынды. Мен бұл лауазымға барғым келген жоқ. Бірақ, спорттың дамуына үлес қосайын деп оған келісім бердім»,- деді Оксана Тен.

Ал әлеуметтік желіге жарияланған арыз хат бойынша өз ойын былай жеткізді.

«Ең алдымен маған біз қаншалықты дұрыс жолда жүрміз деген ой келді. Себебі, менің федерацияда жүргеніме екі жыл уақыт ішінде көптеген өзгерістер болған секілді. Дегенмен бұл өзгерістер оған мүдделі және қызықты емес көп жаттықтырушыларға әсер етті. Мен мұны сенімді түрде айтамын. Себебі, бұл өзгерістер қаржыдан бастап спорт ресурсына дейінгі аралықтың бәрін қамтыды», - деді ол.

Еске салайық, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан жатттықтырушылары Оксана Теннің қызметін босатсын деген арыз хат жазды. Хаттың мәтіні әлеуметтік желіде жарияланды.

Айта кетейік, Оксана Тен 2019 жылдан бері Ұлттық конькишілер федерациясының вице-президенті. Ол қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы. Денис Тен 2018 жылы Алматыда екі қылмыскердің қолынан қаза тапқан.

Ал Сергей Воронов – Ресейден шақырылған, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының жаңадан тағайындалған бас жаттықтырушысы.


Соңғы жаңалықтар