Өкпесінің 90 пайызы зақымданған алматылық коронавирусты қалай жеңгенін айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 51 жастағы Алматы тұрғыны ҚазАқпарат тілшісіне пневмония мен коронавирустың ауыр түрін қалай жеңгенін айтып берді.

«Бірінші күні тамағым жыбырлап ауырды. Содан кейін ыстығым 39 градусқа дейін көтерілді. Дене қызуым он күн бойы түспеді. Үшінші күні маған өкпенің ісінуі диагнозы қойылды. Бесінші күні тыныс алуым қиындап кетті, сондықтан мені өкпені жасанды желдету аппаратына қосты», - деп еске алады Эдуард Ким.

Дәрігерлердің тексеруінен кейін оның қос өкпесі 90% зақымданғаны анықталып, пневмония диагнозы қойылды. Сонымен қатар, COVID-19-ға арналған ПТР тест оң нәтиже берді.

«Өз бетімше тыныс алу өте қиын болды. Кеуде тұсымда қатты ауырсыну пайда болды. Дерт тез дендеп кетті. Жұқпалы аурулар бөліміне түскен кезде мен коронавирус инфекциясын анықтау үшін ПТР тестін төрт рет тапсырдым. Барлық сынақ оң нәтиже көрсетті», - деді Эдуард Ким.

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Ұлжан Апбасова атап өткендей, науқас ауруханаға жедел жәрдеммен өте ауыр жағдайда жеткізілді. Пациентте уремиялық интоксикация, интоксикация синдромдары, сондай-ақ ауа жетіспеушілігі болды.

«Науқас ауруханаға түскен кезде есін еміс-еміс білді. Жағдайы ауыр болды. Өздігімен әрең демалды. Қабылдау кезіндегі сатурация 82% болды. Науқас шұғыл түрде қарқынды терапия алды, жағдайы тұрақталғаннан кейін жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды. Сондай-ақ, науқас ауруханада болған кезде бағдарламаланған гемодиализ сеансын қабылдады», - деп толықтырды Ұлжан Апбасова.

Дәрігердің айтуынша, пациент қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылған.

«Ауруханадан үйіне шығарылған науқастың жағдайын үнемі қоңырау шалып біліп отырдық. Ол дәрігерлердің бақылауында болды. Науқастың тез сауығып, денсаулығының жақсарғанына қуандық», - деді ол.

Эдуард Кимнің айтуынша, жақсы нәрсені ойлау және жақсылыққа сену оған ауыр пневмония мен коронавирусты жеңуге көмектесті.

«Мен негізі позитивті адаммын. Өмірде кездесетін кез келген қиын жағдайға тура қарайтын жанмын. Коронавирус жұқтырғанымды білгенде депрессияға түспеуге тырыстым. Мен бәрі жақсы болады деп сендім. Менің өмір сүргім келді, сондықтан аурумен күрестім. Адам өмір бойы күресуге мәжбүр болатын, одан да жаман аурулар бар ғой. Қасымда 60 жастан асқан бір науқас жатты, ол депрессияға түсіп кетті. Ол бәріне пессимистік көзқараспен қарады және өзін өлім аузында жатырмын деп сендірді», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол өзін аман алып қалған барлық медицина қызметкерлеріне алғысын айтты.

«Маған медициналық көмек көрсеткен барлық дәрігерлерге ризашылығымды білдіргім келеді, олар - Ирада Бижкенова, Ұлжан Апбасова және мекеменің барлық медицина қызметкерлері. Білікті мамандар жолығып, шынымен де жолым болды», - деп қосты ол.

Эдуард Ким өмір бойы жүргізуші болып жұмыс істеген. Қазір ол бизнеспен айналысады. Екі баласы мен бір немересі бар.

«Өлім аузынан қалған менің өмірге деген көзқарасым өзгерді. Өмірдің әр сәтін бағалап, денсаулығыма көңіл бөле бастадым. Бақытымызға орай, отбасымызда коронавируспен мен ғана ауырдым. Енді салауатты өмір салтын ұстанамын. Қазір барлық санитарлық және қауіпсіздік ережелерін сақтауға тырысамын»,– деп түйіндеді әңгімесін Эдуард Ким.


Соңғы жаңалықтар