Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы: қалай емдеуге және алдын алуға болады

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - Жыл сайын қараша айының үшінші сәрсенбісінде ДДҰ бастамасымен дүниежүзілік өкпенің созылмалы обструктивті ауруына қарсы күрес күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сауле Хасенова өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бар пациенттерге дертке аса мұқият қарауға және уақытында медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
«Пульмонологқа қаралу ӨСОА бар пациентке дұрыс ем қабылдауға және аурудың асқынуының дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Дәрігер әр пациентке қажетті ингаляторлар мен дозаларды таңдап береді. ӨСОА асқыну себебі 80% жағдайында бактериялар мен вирустар болатындықтан, әр адамның алдында бактерияға қарсы препараттарды таңдау туралы сұрақ туындайды»,-дейді дәрігер.
ӨСОА профилактикасы қауіп факторларының әсерін азайтуға бағытталған. Темекі шегуден саналы түрде бас тарту өкпе мен бронх функциясының қалыпты құрылымын сақтап қалуға көмектеседі.
« Науқастарға вакцинопрофилактика жасау қажет. ӨСОА бар пациенттерге пневмококк инфекциясынан және тұмаудан жыл сайын вакцина жасау ұсынылады. Вакцина жасау кезінде пневмонияның даму қаупі, ӨСОА асқынуы, емделуге жатқызу және өлім жағдайы азаяды. Мамандандырылған медицина орталықтарында да, сонымен қатар өз бетінше үйде жасалатын өкпе реанимациясының мүмкіндіктері туралы да естен шығармау керек. Оған бронх тармағының дренажды қызметін жақсартуға бағытталған дұрыс таңдалған тыныс алу гимнастикасы, тыныс алу бұлшықеттерінің емдік массажы, емдеудің физиотерапевтік әдістері, саябақ аймақтарында серуендеу, оксигенотерапия және тыныс алу ағзаларын қалпына келтірудің басқа түрлері кіреді»- дейді Сауле Хасенова.
Сонымен қатар, ол аурудың алғашқы белгілері туралы айтты.
«Күн сайын, оның ішінде күндізгі уақытта жөтел пайда болады. Одан әрі таңертеңгі уақытта аздап қақырық бөліне бастайды. Кейіннен оған демігудің дамуы қосылады, ол аз ғана жүктеме немесе респираторлық инфекциялар кезінде күшейе түседі. Диагноз қою үшін пульмонологтың консультациясын алып, спирометрия әдісімен сыртқы тыныс алу функциясына зерттеу жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге темекі шегуші пациенттерге оларда сыртқы тыныс алу функциясының бұзылуын ерте анықтау үшін спирометриялық зерттеулер жүргізу қажет»,- қортындылады дәрігер.


Соңғы жаңалықтар