ОҚО жастары халықты тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында белсенді жастар су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстандағы тұрғындарға көмек қолын созуға арналған Үндеу жолдады. Облыс жұртшылығын қайырымдылыққа шақыру бастамасы Қазығұрт ауданында өткен «Кеме қалған» киелі орнының айналасын көріктендіруге арналған акция барысында қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен өткен шараға облыс жастары бір кісідей атсалысты. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген ауданның ақсақалдары игі бастамаға қолдау білдіріп, жалындаған жастарға ақ батасын берді. «Кеме қалған» киелі орнына жиналған мыңға жуық еріктілер 1 300 түп көшет отырғызды.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қасиетті жерлеріміздің мерейін тасытуда. Оған дәлел, тіршіліктің басталған жері - Қазығұрттың Кеме қалған жерінің көгалдандырылып, көпшіліктің келуіне лайықты жағдай жасалуы болып тұр. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Киелі орындарымыз - неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз екенің ұмытпаумыз керек», - деді Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асанбай Омаров. 

Акция соңында облыстың белсенді жастары «Рухани жаңғыру» атты жазуды келтіріп, арнайы флешмоб ұйымдастырды. Жыл басы Наурыздың асы - наурыз көжеден дәм татып, ұлттық жөн-жоралғыларды тамашалады.

Айта кетерлігі, биыл Оңтүстік Қазақстан облысының Наурыз мейрамы тіршілік көзі бастау алған киелі Қазығұрт тауының етегінде өтеді деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар