ОҚО: Жаңа технологияны меңгерген жастар жан-жақты дамиды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кiтапханада «Сырласу-Альманах» жастар клубының ұйымдастыруымен «Жастар тәрбиесiндегi жаңа технологиялар» тақырыбында пiкiр алмасу кешi өттi, деп хабарлайды ҚазАқпарт okg.kz сайтына сілтеме жасап.

Кешке қатысушы Жаңа технологиялар колледжiнiң «IТ және бағдарламалау» кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер, Әл-Фараби атындағы студенттер ғылыми қоғамының төрағасы Зәуiрбек Асылхан көпшiлiкке жас шәкiрттерi Айтбай Нұрболаттың «Электронды кiтап», Жанәдiл Әбдiрахманның «Анимациялық ертегiлер», Шүкiр Фарзу мен Сыдықов Диастың «КАТ фильтрi» атты жобаларын таныстырды. Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының «Кәсiптiк бiлiм және бейнелеу өнерi» кафедрасының магистрi, аға оқытушы Гүлнәр Жолдасбекова шәкiртi Әлия Мұратханмен бiрге жаңа технология бойынша киiз басу тәсiлдерi арқылы аяқ киiм тiгу үлгiлерiн көрсетiп, жүннен гобелен тоқып көрсеттi. Гобелен тоқу мен киiзден аяқ киiм тiгуге қызыққан жастар осынау өнердi өз қолдарымен жасап көруге мүмкiндiк алды.

Жастардың қолөнерге бейiмдiлiгiн байқаған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң «Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебiнiң» аға оқытушысы Әйгерiм Өмiрбекованың айтуынша, қазiргi жаһандану заманында зейiндi де зерделi жастарды жаңа технологияларды қолдана отырып, ой-өрiсi жаңашыл, шығармашылықпен айналысатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу - ұстаздар қауымының мiндетi, деп атап өтті.

Сондай-ақ ол жаңа ақпараттық технология аса қажеттi педагогикалық проблемалардың шешiмдерiн табуға, ой еңбегiн арттыруға септiгiн тигiзедi, оқу үрдiсiн тиiмдi басқаруды қамтамасыз етедi. Мұндай пiкiр алмасу кешi жастарға өз бетiнше шығармашылық пен жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызады және олардың көзқарасына әсер ете отырып оның интеллектуалдық деңгейін арттыруға көмектеседі.

Жаңа технологиялар колледжiнiң кiтапханашысы Индира Ақылбекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң биология кафедрасының аға оқытушысы, биология ғылымының кандидиты Роза Мыңбаева iс-шараның маңыздылығына тоқталып, өз ой-пiкiрлерiн ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар