ОҚО: Туыстары баласын өлімші етіп сабаған келіншек туралы жантүршігерлік жайттарды айтып берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баласын өлімші етіп сабап, ыстық сумен күйдірген келіншектің туыстары ол туралы жантүршігерлік жайттарды айтып берді. Олардың сөзінше безбүйрек ана біраз жылдардан бері  жеңіл жүріске салынып кеткен. Сөйтіп жүріп, дүниеге үш перзент әкеліпті. Ал, ауыр жарақаттанған  7 жасар бала оның тұңғышы - Асыл, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

null

Туыстары Ордабасы ауданы Бөген ауылында тұратын әйелдің есімі Ақмоншақ Батталғазиева, ал жасы 26-да  екенін айтты. Ақмоншақтың тұңғыш ұлы Асыл 7 жаста болса, одан кейінгі баласы 4-те, кіші қызы әлі аяғын баспаған. Нағашы жағынан жеңгесі Сандуғаш Жолдасбекованың сөзінше, қайынсіңлісі ешкімнің ақылына құлақ аспай, қалай болса солай өмір сүреді. Оның айтуынша Ақмоншақ оқып жүргенде Асылға жүкті болып қалыпты. Оны үйіндегілерге білдіртпеймін деп ішін байлап, дәрі ішіп жүргенде баланың денсаулығына зақым келген. Кейін  туылғанда бір аяғында кемістік пайда болады. Тілі де күрмеліп, дұрыс сөйлей алмайды екен. Алайда бұл қиындықтар келіншекке сабақ болмаған.

«Ол оқып жүргенде алданып қалды. Күннен күнге іші өсіп, ауыратынын айтты. Ағасы ауылдың дәрігеріне апарып еді, ішіндегі бала ғой депті. Баланың әкесі кім екенін сол күйі білмедік. Одан кейін тұрмысқа шықпай, тағы босанып алды. Тағы да ұл болды. Бірақ оған қараудан бас тартып, артынша біреуге беріп жіберді. Сөйтіп жүріп жаман жолға түсіп кетті. Шымкенттегі темір жол вокзалын жағалап жүрді. Ақыл айтсақ, екі ағасын да, мені де тыңдамады. Соның кесірінен тағы да екіқабат болып, қыз босанып алды. Ол қолында», - дейді Сандуғаш Жолдасбекова.

Нағашы жеңгесі Асылдың туылғаннан нағашыларының үйінде өскенін айтады. Жасы жетіге толса да мектепке бармапты. Өйткені шешесі денсаулығында кінәраты бар баласын аяққа тұсау болды деп, қабылдамай қойған. Оның үстіне жеткіншек  дәрет сындырып қоя береді екен. Қанша ұрса да, үнемі анасын сұрап жүретін көрінеді.  Ал, анасы баласын өзектен теуіп, үнемі ұрып-қорлап келіпті.

«Сол дәретке отырып қоя береді деп сарайға қамап қойып, кесеумен сабап жүрді. Мен оған қой, баланы ұрма, ол да ішіңнен шыққан перзентің ғой десем, «араласпаңдар, мен бұл бағала ішім жылымайды» деп, бізге бой бермеді. Сөйтіп интернатқа өткізем деп жүрді. Кейін Түркістанда қымыз, қымыран сатып жүрді. Сол жердің қожайынына интернат па, балалар үйін ба тауып, сөйлесіңізші, баламды сонда өткізем деп айтыпты. Ол мақұл деген. Сөйтіп жүргенде ол баласын өзімен бірге Шымкентке алып кетті. Онда әпкесі тұрады», - деді нағашы жеңгесі.

Әпкесінің үйінде жүріп ол баласының түгін қалдырмай  сабап тастаған. Ауыр соққылардан бала есінен танып, жерге құлапты. Сол кезде ғана безбүйрек ана перзентін дәрігерлерге алып барған. Асылдың соққыға жығылғанын нағашылары ауылдағы мейірбикеден естіпті. Сол күні кешкісін Ақмоншақ Батталғазиева туыстарына хабарласып, ол жағдайды «балам байқаусызда құлап қалды» деп түсіндіріпті.

«Әпкем екеуміз Темірландағы ауруханада жүрміз. Асыл басымен құлап, жансақтау бөлімінде жатыр. Жүргеніме үш сағат болды, енді қайтайын деп жатырмын деді. Кейін баласын ұрып, сабағанын дәрігерлерден естідік. Естіп, үндемей отыра алмадық. Келесі күні күйеуіміз екеуміз бардық. Барсақ, үйінде екен. Баланы неге сонша ұрып, қорладың десек: «Дәрет сындырып қоя береді, сосын көкірегіне ине тықтым, бетіне ыстық шай құйып күйдірдім, таяқпен сабадым», - деді. «Ертең сотталып кетемін деп қорықпайсың ба», - деп едім, «сотталатынымды сізден жақсы білемін» деп жауап берді. Ол ештеңеден қорқып отырған жоқ. Мен ауруханаға үш рет барып, дәрігермен жолықтым. «Баланың жағдайы нашар, шешесі оны ойлап жатқан жоқ, тіпті келмеді», - деді. Қайынсіңлім ол баланың маған керегі жоқ деп отыр», - дейді Сандуғаш Жолдасбекова.

Ал, туған ағасы Бақдәулет Батталғазиев қарындасының бұл әрекетін түсінбей отырғанын айтады. Мұның барлығы бетімен кеткеннің салдары деп түсіндіреді. 

«Ол қызымыздың бір шетінен еркелігі де бар, бір шетінен ақыл-есінің жетіспейтіндігі де бар. Үйдің кенже қызы. Бастапқы кезде оның баласы біздің үйімізде болған. Алайда бала емес па, біздің үйдің балаларымен сыйыса алмады. Содан анасы өзі қараймын деп алып кеткен. Соңы осындай жағдай болып жатыр, біз ол жағдайды тек кейін естіп білдік. Не үшін бұлай істедің деп едік, баланы қабылдамаймын деп айтты», - дейді Бақдәулет Батталғазиев.

Бұл күнде жеткіншек облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер «бас сүйегі сынып, миы шайқалған»  деген  қорытынды жасаған. Қала берді, денесінің біраз жері күйіп қалыпты. Үш аптадан астам уақыт ес-түссіз жатқан Асылдың қазір беті бері қарады. Ол аздап болса да қимыл жасап, ақ халаттылардың айтқан сөзін орындай бастаған. Алдағы дүйсенбіге дейін жансақтау бөлімінде ем қабылдайды. Бәрі жақсы болса жалпы палатаға ауыстырылмақ. Одан кейін тиісті ұзақ ем қабылдап, реабилитация алатынын айтады. Қалай болғанда да өңірдің тәртіп сақшылары 26 жастағы келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Тағайындалған сот-медициналық сараптамалардың қортындысына сәйкес, ол әйелге қатысты шара қолданылатынын айтады.

Еске салайық, жуырда 7 жасар баланың ес-түссіз, ауыр халде ауруханаға түскені мәлім болған. Ол кезде өңірдің тәртіп сақшылары жеткіншекті туған анасы сабап тастаған деген күдік бар екенін айтқан еді. Кейіннен осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің  107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталып кетті. Балаға қатысты бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Күдікті ретінде баланың 26 жастағы анасы анықталған болатын. 

Соңғы жаңалықтар