ОҚО тәртіп сақшылары Жолдауды талқылады
Жиында негізінен Жолдаудағы жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне арналған тоғызыншы бағыты талқыланды. Облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков басқосуда Мемлекет басшысы атап көрсеткен он меженің жүзеге асырылуы бойынша тиісті жұмыстар басталып кеткенін атап өтті. Ондағы көрсетілген міндеттерді іске асыру жалпыға ортақ екенін жеткізді.
«Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек»,- деді Қайрат Дәлбеков.
Полиция полковнигі қарамағындағы қызметкерлерді Жолдауды жүзеге асыруда жұмылып жұмыс істеуге шақырды.