ОҚО: Сарыағаш ауданында тың жобалар жүзеге асуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданына барған сапарында 585 пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Мердігер мекеме басшылығымен жолығып, бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Бір уақытта 600-ге жуық отбасының пәтерлі болуы өңірде соңғы 45 жылда болмаған. Бұл дегеніміз - Елбасымыздың халқына деген қамқорлығы, елдің мерейі, қуанышы. Бастысы, тұрғын үйдің сапасына көңіл бөліп, уақытылы құрылыс жұмыстарын аяқтауды тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы өткен жылы аудандағы «Агро Фуд Қазақстан» ЖШС-нің интенсивті бауының алғашқы көшетін өз қолымен отырғызып, жаңа жобаны бастап берген болатын. Былтыр ғана жұмысы басталған бақ бүгінде 250 гектар аумақты қамтып отыр. Қазіргі таңда интенсивті бауда 22 гектарға шие, 13 гектарға өрік, 70 гектарға шабдалы және 92 гектарға алма көшеттері егілген. Бұл өңірдегі ірі жобалардың бірі. Айта кетерлігі, 70 гектар аумаққа шабдалы облыста алғаш рет егіліп отыр. Бұл да облыс басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан жарқын жобалардың бірі.

«Баудан алдағы уақытта 60 тонна алма өнімін алу жоспарланып отыр екен. Облыстағы орташа көрсеткіш 15 тонна екенін ескерсек, мұндай өнім Оңтүстік өңірінде бұрын-соңды болмаған.  Осындай озық тәжірибелерді өзге аудандарда да пайдаланып, интенсивті баулар санын арттыруымыз қажет», - деді облыс басшысы.

Бұдан бөлек, Жансейіт Қансейітұлы Сарыағаш ауданындағы сапарында өңірдегі бірқатар заңсыз құрылыстар мен ретсіз сауда орындарын сынға алып, аудан басшысына тапсырма берді. Сондай-ақ, жергілікті халықпен жүздесіп, тілектерін тыңдады.

«Өткен жылы Дербісек, Жібек жолы, Жемісті, Қызылжар, Ақжар сынды бірқатар ауылдардың жолы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, аталған елді мекендерге қосымша жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аудандағы 8 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етіліп, 2700 үйге көгілдір отын барды. Сонымен қатар, биыл 13 ауылға газ тартылып, 10 ауыл тәулік бойы таза ауыз сумен қамтылатын болады», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жергілікті халыққа тек мемлекеттің қолдауына иек артып отыра бермей, өз аулаларын таза ұстап, туған жердің көркеюіне әрбір азамат үлестерін қосу қажеттігін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар