ОҚО өнерпаздары Астана төрін сазды әуенге бөледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда төрінде «Асқақтай бер, Астана!» атты Оңтүстік Қазақстан облысы өнерпаздарының Гала-концерті өтті.

Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты Оңтүстік Қазақстан облысының Астанадағы мәдени күндері аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерт «Шарықтай бер, Астана» театрландырылған-хореографиялық композициясынан бастау алып, дәстүрлі әндер шеруі, қазақ және классикалық, Ш.Қалдаяқов әндерінен попурри, «Дала рухы» композициясымен жалғасын тапты.

Концертке Оңтүстіктен шыққан эстрада жұлдызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева және ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Мәдениет қайраткерлері Үрәлхан Сейілбекова, Марат Оразметов пен ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәбираш Әбдірайымова және Халықаралық байқаулардың лауреаттары Карина Нажмеддинова, Мөлдір Исаева, Жадыра Абдуллаева, Нұрқанат Тапиев, Аян Төлеген, Нематилло Зкруллаев, Бекзат Тұрғынбек, Ақмарал Биназарова сынды сахна саңлақтарымен қатар «Тұмар» фольклорлық ансамблі және «Қазына», «Шамсинур», «Фараб» би топтары қатысты.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының халқын еліміздің елордасы - Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын сезіндіру мақсатында «Ел жүрегі - Астана» тақырыбында көрмелік кешеннің ашылуымен басталып, бүгінгі таңға дейін 760 іс-шара өткізілді.

Елорда құрметіне орай облыстың елді мекендерінде 26 көшеге «Астана» атауы берілді.

«Елордаға сыйлық» жобасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы тарапынан Астана қаласына тарту ретінде жалпы құны шамамен 766,2 млн теңге құрайтын Есіл өзені бойында орталық саябақ пен Министрліктер үйі аралығына дейін 5,173 шақырым веложол салынуда.

Соңғы жаңалықтар