ОҚО-ның Мемлекеттік кірістер департаменті 764 қылмыстық іс қозғады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өткен жылы 764 қылмыстық іс қозғады. 

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Департамент басшысының орынбасары Саят Сауқомбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, өндірісте болған қылмыстық істердің 476-сы тергеумен аяқталып, 336 іс сотқа жолданған. Аяқталған қылмыстық істердің мемлекетке келтірген залал сомасы 22,8 млрд. теңгені құрады, құны 1 млрд. теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Қылмыстық істердің басым көпшілігі жалған кәсіпкерлік, салық төлемеу, экономикалық контрабанда және кедендік төлемдерді төлеуден жалтару деректері бойынша тіркелген. Сондай-ақ  есірткінің заңсыз айналымы бойынша - 29, заңсыз ойын бизнесі бойынша - 66, алкоголь өнімінің айналымы бойынша - 11 және жалған ақша жасау бойынша 12 қылмыстық іс тергеумен аяқталған.

Ойын бизнесін ұйымдастыру саласында заңсыз жұмыс жасап келген 64 ойынхананың жолдары кесіліп, 5 млн. теңгеден астам қаражат тәркіленді.

Қазақстан аумағындағы интернет-ресурстарға мониторинг жасау нәтижесінде, онлайн-казинолар қызметін көрсететін сайттар анықталған.

Аталған заңсыз әрекеттері үшін барлығы 29 тұлға ұсталған, олардың 22-сі - Өзбекстан Республикасының, 7-сі  Қазақстан азаматтары.

"Біздің облысқа контрабандалық жолмен әкелінген 50 келі алтын және күміс зергерлік бұйымдар тәркіленді. Осы қылмысқа қатысы бар тұлға сот үкімімен тиісті жазасын алды. Тәркіленген тауардың құны 1,5 млрд. теңгені құрады. Сот шешімімен барлық мүлік мемлекет пайдасына тәркіленді", - деді Саят Сауқомбеков.   

Соңғы жаңалықтар