ОҚО-ның барлық ЖОО және арнаулы оқу орындарында «Достық» клубтары ашылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  20-дан астам ұлт өкілдері білім алып жатқан Оңтүстік Қазақстандағы облыстық политехникалық колледжінде «Достық» клубы ашылды. 

Жастардың этникалық мәдениетіне және діни ұстанымына қарамай, өзара сыйластықты қалыптастыруды, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды көздейтін ұйымның құрылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Клубтың ашылу салтанатына облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар ұйымдарының төрағалары, студенттер қатысып, клубтың алда атқарар жұмыстарын талқылады.

Облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың айтуынша, алдағы уақытта «Достық» клубтары өңірдегі барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ашылмақ.

Ұйым болашақта аймақтағы жастар ұйымдарымен бірлесе отырып қазақстандық патриотизмді, «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын насихаттауға атсалысады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен жастар арасында ашық пікірсайыс алаңын құру арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар