ОҚО: Мақтааралдық шаруалар судан тапшылық көрмейтін болады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақтааралдық шаруалар биыл ағын судан тапшылық көрмейтін болады. Қазір аталған ауданда 2673 шақырымды құрайтын 1310 канал егістік жерлерге кедергісіз су жеткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су шаруашылығындағы мамандардың сөзінше, ағын су жеткізетін 5 канал қайта құрылымдаудан өткізіліп жатыр. Мақталы ауданға іс-сапармен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осынау жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Өркенді елді мекеніндегі жөндеуден өткізілген «К-28» каналын көрді.  Аталған су жүйесінің жалпы ұзындығы 18,1 шақырымды құрайды. Өткен жылы құрылысы толық аяқталған каналдың қайта құру жұмыстарына қазынадан 632 миллион теңге қаржы жұмсалды. Су ресурсын үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін егістік жерге кеңінен ендіру қажеттігін айтқан аймақ басшысы бүгінде осы технология облыстағы 1878,1 гектар жерге ендірілгенін атап өтті.

null
«Тамшылатып суару әдісі арқылы екі есе өнім алып, қаржы мен ағын суды үнемдеуге болады. Сондықтан да агросектор саласына аталған технологияны енгізудің тиімділігі орасан. Тамшылатып суарудың бір қасиеті - әрбір егілген дақылдың үстіне тамшылатып қоюында. Суды уақтылы, әрі керек кезінде ғана береді. Сонымен қатар, өлшеуіш құрал арқылы шаруалар кеткен шығынын нақты есептеп отырады. Яғни, қаржыны үнемдейді. Ал Мақтаарал ауданында бұл әдіспен 1793 гектар жер суғарылады. Бұл 138 мың гектардан астам егістік жері бар аудан үшін аз. Сондықтан аудан басшылығына осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, шаруаларға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын»,-деді облыс әкімі.

Мұнан соң, өңір басшысы мақта зиянкестеріне қарсы жәндік өндіретін «Оңтүстік» биофабрика мекемесінде болды. Этномофаг өндірісін жолға қойған кәсіпорын былтыр мақта дақылының зиянкестеріне қарсы 50 кг трихограмма, 7 млн. дана алтынкөз, 9 млн. дана габробракон жәндіктерін өндіріп, шаруа қожалықтарына зор пайдасын тигізген.

Аталған ұйымның жұмысымен танысқан аймақ басшысы еліміздегі ақ мақтаны өсіретін жалғыз өңір болып табылатын Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұл мекеменің атқарар рөлі орасан екенін атап өтті.

Облыста биылғы жылы мақта дақылы 123 мың гектардан астам жерге егілсе, оның 87 мың гектарға жуығы Мақтаарал ауданына тиесілі. Биыл өңірде тұқымдық шит тапшылығы сезілген жоқ. Мәселен, Мақтааралдың өзінде  3 мың тонна шит дайындалды. Бұдан бөлек, ауданға Қытай мен Түркия елдерінен де тұқымдық шит тасымалданған»,-деді Жансейіт Түймебаев.

Сапар барысында облыс әкімі жол жиегіндегі қырыққабат өнімін жинап жатқан егістік алқапқа тоқтап, диқандардың еңбегіне сәттілік тіледі. Ауыл адамдары үшін диқаншылықтың орны ерек екенін айтып, егіс алқабында тер төгіп жүрген жерлестеріміздің еңбегі жана берсін деген ізгі ниетін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар