ОҚО құтқарушылары су тасқынының алдын алуға дайындалып жатыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайлар қызметі су тасқынының алды алу шараларын жүргізіп жатыр. Қауіпті деген аумақтарда жедел штабтар құрылып, кешенді жаттығулар өткізілуде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құтқарушылар Ордабасы және Төле би аудандарында су тасқынын болдырмау және қауіпті жағдай бола қалғанда дайындықтарын пысықтап жатыр. Бұрын су алған жерлерде тексеру шараларын ұйымдастыруда.  Өңір құтқарушыларының айтуынша, мұндай кешенді жаттығулар табиғи апат орын ала қалған жағдайда қолда бар техника мен мамандардың жедел әрекеті мен мүмкіндігін тексеріп, пысықтауға септігін тигізеді.

«Қазіргі таңда облыс аумағында жағдай қалыпты, бақылауда. Өңірдегі 41 су қоймасының барлығы дерлік өз деңгейінде жұмыс істеп тұр. Ақпан айының соңына таман сел және су тасу қаупі бар аумақтарды әуеден бақылап шығу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек ауылдық жерлерде қауіпті дер кезінде ескертетін 40 дабыл қаққыш орнатылды», - дейді облыстық ТЖД бас маманы З.Тұрысбекова. 

Сала мамандары берген мәліметтерге сүйенсек, өңірде төтенше жағдайлар кезіне қажет 47 эвакуация бекеттері дайындалып, онда барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.  Табиғи апат орын ала қалған жағдайда ТЖД-ның 1 500 жеке құрамы мен 85 техника дайын тұр.

Ал, әзірге бұл аумақтардағы жағдай қалыпты күйінде сақталып отыр. Тек, соңғы екі күн бойы жауған жаңбырдан облыс орталығындағы жұрт әбігерге түсті. Аулалар мен көшелерде су толып, жеңіл көліктердің жүруі қиындаған. Себебі,  көшелер суға толып, арықтардан асып кетті. Оны қаланың коммуналдық қызметі су сорғыш техникалармен тазартуда.

Соңғы жаңалықтар