ОҚО-ға Нобель сыйлығының лауреаты келді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ЭСКАТО БҰҰ Департамент басшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг келді.  

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының шақыруымен келген шетелдік қонақ облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков және аталған орталықтың Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөремен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараптар кездесу барысында аймақтық инвестициялық орталық ұсынған Түркістан қаласындағы «жасыл технологиялар» негізіндегі жобаларды іске асыру барысын талқылады. Өңірге инвестиция тарту және «жасыл технологиялар» негізінде жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау барысы М.Әуезов атындағы ОҚМУ қабырғасында жалғасын тапты.

Рае Квон Чунг мырзаның қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырыснда Қазақстан Республикасы Президентінің «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі саяси шешімінің маңызды рөлі сөз болды. Автоматтандыруды енгізу барысында Р.Чунг көптеген жұмыс орындарының жабылуы мүмкіндігін атап өтті. Осы кезеңде «жасыл даму» жүйесіне көшу жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сонымен қатар, шара барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов «Шымкент қаласын көгалдандыру» тақырыбындағы жобасын таныстырса, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре Түркістан қаласында «Қатты қалдықтарды қайта өңдеу» жобалары әзірлену сатысында екендігін атап өтті. Әрі аталған жобаның іске асыру мерзімі осы жылға жоспарланғандығы белгілі болды.

Айта кету керек, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру 500-ден астам жоғары сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Ғылыми-практикалық дөңгелек үстел ұйымдастырушылары жақын болашақта Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама аясында жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруға кіріспек.

Соңғы жаңалықтар