ОҚО-дағы жағдай ҚР ІІМ-нің бақылауында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО-ның Сарыағаш ауданында қоғамдық тәртіпті орнату бойынша шаралар өткізілуде, жағдай бақылауға алынды, деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Бостандық кентіне жақын жерде көршілес тұрған Ынтымақ ауылының тұрғыны, 1985 жылғы Б.Д.Артықовтың мүрдесі табылды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі кезде аталған қылмысты жасауда күдікті танылған Сарыағаш ауданындағы Бостандық кентінің тұрғыны, 1976 жылы дүниеге келген Н.К.Нарметов іздестірілуде.

Қолда бар мәліметтер бойынша, қылмыс тұрмыстық сипатта жасалды. Оған Н.Нарметовтің Б.Артықовтың иелігіндегі жылыжайды жалға алумен байланысты өзара түсініспеушіліктер себеп болған.

5 ақпан күні кешке Б.Артықовтың ауылдастарынан тұрған бір топ жастар Н.Нарметовтің тұратын ауданында жаппай бассыздық орнатып, соның салдарынан бірнеше көлік өртеніп, аударылған. Жақын тұрған үйлерге де зиян келтірілді.

Облыс әкімі, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары мен ІІД-нің бастығы ауыл тұрғындары және ақсақалдарымен кездесіп, осы тектес фактілерді болдырмау туралы айтылды.

Сонымен бірге 6 ақпан күні тұрғындардың жекелеген топтары Ынтымақ ауылының аумағына кіруге әрекет жасаған, бірақ полиция оларға тосқауыл қойды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ішкі істер министрлігі тиісті құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатымен аталған елді мекенге ішкі істер органдарының қосымша күштерін жіберді.

Бұл жерде ІІМ-нің криминалдық полиция және тергеу департаментінің жетекші қызметкерлерінен құрылған топ жұмыс істеуде. Қазіргі кезде жағдай тұрақты.

«Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ күдіктіні іздеу бойынша шаралар өткізіліп жатыр. Жағдай бақылауға алынды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар