ОҚО-дағы сауда орындарында ұрлық жасап келген қыз-келіншектер ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер базарлардағы сатушыларды топ болып тонап жүрген қыз-келіншектерді қолға түсірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төрт қыз-келіншектен құралған топ мүшелері негізінен сатушылардың дүңгіршіктеріне кіріп, оларды сөзге айналдырған. Өзгелері бағалы заттарын, ақшалары мен ұялы телефондарын ұрлап келіпті. Оңай жолмен ақша табуға әбден құныққан шымкенттік әйелдер тіпті аудан-қалаларды аралап, ұрлық жасауға көшкен. Кезекті бір сапарлары барысында олар Сарыағаш ауданындағы базарлардың біріне кіріп, осындай қылмыстық әрекеттер жасаған.

Осыдан кейін Сарыағаш аудандық ІІБ-на 21 жастағы сатушы арызданады. Ол сауда орнына белгісіз төрт әйел кіріп, тонап кеткенін көрсеткен. Дәл осы тектес арыздар полиция бөлімшесіне бірінен-соң бірі түсе бастайды. Шұғыл әрекетке көшкен тәртіп сақшылары тәжірибелі мамандардан арнайы топ құрып, қылмыстық топтың ізіне түскен.

«Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер төрт күдіктіні қолға түсірді. Олар Шымкент қаласының 1982, 1985, 1991 жәе 1994 жылы туған тұрғындары екені анықталды. Тергеу барысында топтағы қыз-келіншектер Шымкенттен Сарыағашқа әдейі барып, қылмыс жасап келгені белгілі болды. Олар әдетте халық көп кіретін бутиктерге кіріп, сатушылар мен алушылардың ұялы телефондарын, бағалы бұйымдарын ұрлаған. Қолды болған заттарды сатып, өз қажеттіліктеріне жаратқан»,- деді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі С.Қаракөзова.

Тәртіп сақшылары әзірге қылмыстық топтың 12 заң бұзу әрекетіне қатыстылығын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 млн теңгені құраған. Ұрланған заттардың бірқатары иелеріне қайтарылды. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің «Тонау» бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар