ОҚО-дағы киелі жерлерге QR-код тақтайшалары орнатылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік  Қазақстан облысына келген қонақтар енді аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи ландшафтары жайлы ақпаратты ғаламтордан еш қиындықсыз таба алады. Себебі, облысқа саяхаттап келген туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында  өңірдегі 22 нысанға QR-код  тақтайшалары орнатылды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

QR-код  тақтайшалары орнатылған киелі, тарихи нысандардың тізіміне Ақбура кесенесі,  «Сайрам-өгем» ұлттық табиғи паркі, Отырар және Сауран қалашықтары, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы, Ақ мешіт әулие үңгірі, Ақсу-Жабағылы қорығы, Исмаил ата кесенесі, «Кеме қалған» монументі, Арыстан баб және Баба түкті шашты Әзіз, Бәйдібек ата және Домалақ ана, Гаухар ана мен Ибрагим ата, Қарабура кесенелері, «Қызыр Пайғамбар» мұнарасы, Қарашаш ана мен Қожа Ахмет Яссауи, Үкаш ата мен Аппақ Ишан, Ысқақ баб кесенелері енген.
null 

"Ontustik Tourism Center" туристік ақпараттық орталығы  киелі жерлер  туралы ақпаратты үш тілде әзірлеген. Мамандардың сөзінше, кодты суретке түсіргенде мәлімет смартфоннан оқылады.  Ал оны оқу үшін смартфонға интернеттен «Neo Reader» және «QR Reading» сияқты бағдарламаларды көшіріп алса жеткілікті. Орнатылған тақтайшалар келуші туристер мен жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Олардың пікірінше, бағдарлама кез келген туристке өлке жайлы басқа да қызықты мағлұматтарды іздеуге мүмкіндік береді.Сонымен  қатар, тақтайшаларда көрсетілген ON Guide мобильді қосымшасынан облыстың туристік нысандары туралы ақпарат алуға болады.

Мәселен, Түркістан қаласындағы  тарихи және мәдени нысандардың туристеріне арналған штрих-кодтары қазірдің өзінде көпшіліктің жоғары бағасын алып үлгерді. Ал, «Хазрет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының ескерткіштерін 3D түрінде виртуалды саяхат арқылы көруге болады. Бұл дегеніміз, әлемнің кез келген жерінен адам мұражай экспонаттарын көреді және интернетте олар туралы толық ақпарат ала алады. «Қожа Ахмет Яссауи» мұражай-қорығында жерленген хандар, сұлтандар, батырлар мен билердің тізімі электронды түрде жасалды. Бүгінгі күні мұражайдың кестесі мен оқиғалар туралы ақпарат ғимараттың қасбетінде, «Led» экранында орналастырылған.
null 

Алдағы уақытта «ОҚО киелі орындары (ескерткіштері) геоақпараттық жүйеде» және «Оңтүстік Қазақстанның киелі жерлері географиясы» атты  700-ге жуық киелі нысандарға, сондай-ақ  аудан, қалаларда орналасқан 100 монументті өнер туындысына QR-код бағдарламасы енгізілетін болады.

Ал, Қазақстанның киелі жерлері картасына енген 24 нысанды және облыстағы  музейлердің қорын цифрландырып, «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасын әзірлеуде. Мобильді қосымша дыбыстық ақпаратпен қоса, мәтінмен синхрондалған графикалық бейнелермен қатар жүруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік,  облыстағы 104 киелі жерлердің тізімі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынылып, 24 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан республикалық тізімге енгізілді. Қалған 80 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің қатарынан табылды.  Жалпы,  киелі орындарды дамыту мақсатында 2017 жылы жергілікті бюджеттен 314,6 млн теңге қаржы қаралып, толығымен игерілді. 

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар