ОҚО-дағы білім саласында цифрландыру жүйесі сәтті іске асырылуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім саласында цифрландыру жүйесі сәтті іске асырылуда. Өңірде өткен жылы балаларды мектепке электронды түрде қабылдау жүйесі енгізілген. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Еліміздің жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуы үшін бірінші міндет индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» - деген болатын. Қазір бұл тапсырма оңтүстік өңірдегі білім беру саласында жоспар бойынша орындалуда.

Басқарма басшысының айтуынша, цифрландыру балаларды мектепке орналастыруда ашықтықты, айқындықты қамтамасыз етуде тиімді саналады. Әрі адами фактордың жағдайға ықпал етуіне жол бермейді. Былтырғы жылы жаңа жүйенің көмегімен қала мектептерінің 1-сыныбына 21 945 оқушы қабылданса, 23 395 бүлдіршін балабақшаға баруға мүмкіндік алған.

«Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту арқылы оқытудың мазмұндылығына, сыбайлас жемқорылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарға көңіл бөлу мәселесі де қолға алынды. Айталық, мұғалімдерді іріктеудегі ашық конкурс, оқушылардың мектепаралық ауыстыру және жеке іс-парағын жүргізу процестері электронды түрде атқарылуда», - деді басқарма басшысы Исатай Өмірзақұлы.

Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы білім беру мекемелеріне ұстаздарды қабылдау жұмыстары да электронды жүйеге ауысқан. Жұмыс іздеген кез-келген азамат www.thunter.shymkent.gov.kz сайтына кіріп, мұғалімдер үшін қандай бос жұмыс орындары жарияланғанын біле алады және құжат тапсыруға мүмкіндік алады. Бүгінгі күнге дейін жаңа жүйемен 501 педагог жұмысқа қабылданып отыр.

«Бұл жүйе мектептердегі оқу-тәрбие ісінде де тиімді пайдаланылуда. Атап айтсақ, қаладағы 40 білім ұясына электронды басқару аппараттық-бағдарламалық кешені енгізілген. Жаңа жүйе орнатылған мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша алдыңғы жылдармен салыстырғанда жылында сабақтан себепсіз қалу деңгейі 75%-ға кеміп, оқушылардың үлгерімі 12%-ға пайызға жоғарылаған»,- дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, жобаның нәтижесінде өңірде балабақшаға жолдама алу, қызметке тұруда пара талап ету, балаларды мектепке орналастыруда тамыр-таныстыққа жол беру туралы наразылық білдірген қала тұрғындарының арыз-шағымдар айтарлықтай төмендегені байқалады.

Соңғы жаңалықтар